ШҚО-ға жұмыс сапарымен Нұрлан Нығматулин келді
ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына келді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі parlam.kz сайтына сілтеме жасап.
Мәжіліс төрағасы алдымен Абайдың туған топырағы Семей қаласына табан тіреді. Ел көлемінде ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай ауқымды іс-шаралардың жүзеге асып жатқаны белгілі. Осы ретте Нұрлан Нығматулин Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын терең зерделеп келе жатқан «Жидебай-бөрілі мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайына» бас сұқты. Спикер мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында көрсетілген Абай мұрасын сақтау және Семей қаласын әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамытуға қатысты тапсырмалардың түпкілікті орындалатынын бас айтты.
– Осылайша біз ұлы ақынның мерейтойын өз биігінде атап өтеміз. Сондай-ақ Абайды ойшыл, қоғам қайреткері ретінде әлемге таныта аламыз. Бұл еліміздің тарихи-мәдени мұрасына қосқан өлшеусіз үлесіміз болмақ, – деді Н. Нығматулин.