"Айғай-шу, жылаған адамдар. Айтып жеткізе алмаймын". Ұшақта болған жолаушы апат туралы айтып берді
Бүгін таңертең Алматы маңында «Бек Эйр» әуе компаниясының ұшағы әуежайдың сыртқы аумағында апатқа ұшырады. Апат кезінде ұшақта болған куәгер оқиғаның қалай болғанын баяндап берді, деп хабарлайды Аltaynews тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
- Мен ұшақпен жиі ұшамын. Бүгін таңертең сағат 07:05-те ұшақ әуеге көтерілуі керек болған. Алайда осы жолы біраз кешікті. Бізге қауіпсіздік ережелерін айтып жатқанда мен қалғып отырғанмын. Себебі, ұшаққа кешігіп қалатындай түні бойы көз ілмедім. Оянғанда ұшақ биіктігін жоғалтып әуеге екінші рет көтерілгейі жатыр екен. Сосын өте қорқынышты бір дауыс шықты. Ұшақтың қозғалтқышы ма әлде басқа нәрсе ме оны өзім де білмеймін. Ұшақ қисайып ұша бастады. Бәрі тура кинодағыдай болды. Айғай-шу, жылаған адамдар. Тіпті айтып жеткізе алмаймын. Сосын ұшақ соғылды. «Шығыңдар!» деп біреулер айғайлап жатты. Ал мен сол орнымнан тапжылмай қалдым. Құдды бір түс сияқты, - дейді куәгер әйел.