Облыстық драма театрдың жастар труппасы "Ақыл патшалығы" ертегісін сахналады (ФОТОРЕПОРТАЖ)
Ертегілер әлеміне саяхат жасағыңыз келсе обылыстық драма театрға барыңыз. Өйткені дәл сол жерде «Ақыл патшалығы» бар.
Бүгін облыстық драма театрдың Жастар труппасы Асылбек Әуезханұлының "Ақыл патшалығы" ертегісін сахналады.
Басты рөлді сомдау театрдың Жантай Тұрысбеков, Аяулым Тұрысбекова, Назерке Әсембаева, Айгүл Хамит, Олжас Манапұлы, сынды артистеріне бұйырыпты.
Балаларды мейірімділікке, жанашырлыққа, ізгілікке баулыйтын ертегінің қоюшы режиссері мәдениет саласының үздігі Бейбіт Құсанбаев. Режиссер ертегіні халық назарына ұсыну үшін арнайы Ақсуаттан келіпті.
- Бұл қойылымды 20 күн ішінде дайындап шығардық. Бұл менің ғана еңбегім емес. Бүкіл шығармашылық топтың еңбегі. Кішкентай көреремендерімізге ұнады деген сенімдеміз, - дейді режиссер Бейбіт Құсанбаев.
Ертегі желісі бойынша, бағзы заманда барлық құстың тілін білетін патша өмір сүреді. Оның құстарды жақсы көретіні соншалық, айналасында тіршілік барын ұмытады. Зәулім сарайда әбден іші пысқан Ханшайым Сарай әміршісін құстардан қызғанып, Қарғаның ақылымен Патшадан құстардың сүйегінен сарай соғып беруін талап етеді. Ал, ол үшін патша құстарды құрбан етуі керек. Патшаның таңдауы қандай болмақ? Сүйген жарының тілегіне құлақ аса ма, әлде қанатты достарына деген адалдығын алға қоя ма? Міне ертегі осы туралы. Ертегіні тағатсыздана күткен балақайлар болса, қойылымнан ерекше әсер алдық дейді.
- Ертегі маған өте қатты ұнады. Әсіресе, бақыт құсы. Енді театрға жиі келетін боламыз. Шығармашылық ұжымға рахмет, - дейді Құрманғазы Дильназ.
Балаңызды смартфоннан бір уақыт алыстатып, ақыл, мейірім, бауырмалдық сияқты қасиеттерге баулығыңыз келсе, театрға келіңіз.