Семейде 8 млн теңгенің малын ұрлады деген күдікті тергеліп жатыр
Семей қаласы ІІБ Әуезов полиция бөліміне 60 жастағы ер адам мал ұрлығына байланысты шағым түсірді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Жәбірленушінің айтуынша, ағымдағы жылдың 11 қарашасы күні далада жайылып жүрген 23 бас ірі қара малы қолды болған. Келтірілген шығын сомасы 8 000 000 теңгеден артық.
-Аталған қылмысты ашу үшін құрамында криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері және жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторлары бар арнайы жедел-тергеу тобы құрылды,-дейді Семей қалалық Полиция Басқармасының баспасөз қызметкері Елубек Оспанов.
Елубек Оспановтың айтуынша, «Мал ұрлығы» жедел-іздестіру іс-шарасы барысында ауылдағы үйлердің бірінің ауласындағы қораның ішінен 6 бас ірі қара мал мен арыз берушіге тиесілі 3 ірі қара мал терісі табылған. Күдікті анықталып, ұсталды. Ол осы ауылдың 38 жастағы жұмыссыз тұрғыны болып шықты. Жауап алу кезінде, ол қалған малды сатқанын, ал түскен ақшаны жұмсап қойғанын мойындады.
Полиция қызметкерлері күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бары, жоғын анықтау үстінде.