Вашингтон мен Нұр-Сұлтан бишілері бірігіп өнер көрсетті - Өскемен
АҚШ-тың «Company E» балет тобы мен Қазақстанның «Samruk» заманауи би театрының ерекше шоуын Қазақстандағы АҚШ Елшілігі ұйымдастырған. Би шоуын тамашалауға келген шаһар тұрғындарының санында шек жоқ. Өйткені «Контемпорари» стиліндегі би басқа билерден өзгерек. Мұндағы әр қимылда мән бар. Қойылымға негізделген нөмірлер көбіне жаһандық проблемаларды қаузады. Батыс пен Шығысқа ортақ би қимылдарын көргенде құдды бір театрда отырғандай әсер аласың. Бір де бір сөз жоқ. Бірақ өзінің айтар ойы бар. Дәл осы стильдің негізін салушылардың бірі американдық биші Айседора Дункан биді үйрену үшін алдымен «Ішкі дауысыңа құлақ түр, сосын оны денең арқылы жеткіз» деген екен. Жарқын шоудың хореографтары да осыны айтады
- «Контемпорари» стиліндегі биді тамашалауға келмейтіндердің көбі бұл өнерді түсінбейміз деп жатады. Алайда, қойылымдарды көрген кезде ол өзін табады. Өзін көреді. Өзін таниды. Яғни би қойылымдары адамның ішкі сезімдеріне құрылған, - дейді хореограф Пол Гордон Эмерсон.
Айтпақшы, «контемпорари» стиліндегі билер жалаңаяқ орындалады. Неліктен екенін білесіз бе? Ендеше хореографтан сұрап көрейік.
- Иә бишілер жалаңаяқ билейді. Мәселен балетте пуанты киеді. Олар әдемі болып көрінгенімен бишілерді сахнадан алшақтадады. Ал бұл стильде өнер көрсететін бишілерде «жерден күш аламыз» деген сенім бар. Сіз үйге келгенде бірден аяқ киіміңізді шешесіз, өйткені солай өзіңізді жеңіл сезінесіз. Биде де дәл солай, - дейді хореограф.
Өскемендіктерді таңдай қақтырған 16 биші небәрі бір апта дайындалған және алғаш рет бір сахнада өнер көрсетіпті. Бір жарым сағат бойы көрерменге түрлі эмоция сыйлаған бишілер «Изнутри», «Пауки», «Roger and Lucy», «Размышление о беге времени» және әлемде тұңғыш рет көрсетілген «Пентименто» биін орындады.
- Мен «Пентименто» биінің хореографымын. Сондай-ақ ол биді өзім де орындап шықтым. Бұл шығарма қазіргі өмірде әлеуметтік желінің кесірінен бір-бірінен алшақтап кеткен адамдар жайлы. Би ұжымдары екі елде орналасқандықтан бөлек дайындалуға тура келді. Ал бірігіп тек бір апта дайындалдық. Дегенмен көрерменнің көңілінен шықты деген сенімдеміз, - дейді АҚШ хореографы Кэтрин Пиклингтон.
Ал осындай мөлдір өнерді тамашалауға келген көрермен бір мезет күлкіге қарық болса, енді бірде көздеріне жас алды.
- Маған кеш өте ұнады. Дәл осындай шараның қаламызда жиі өткенін қалаймын. Себебі, байқасаңыз залда ине шаншыр жер жоқ. Мұның өзі халықтың осы өнерге деген ерекше құрметін көрсетеді. Шоу басталғалы назарым тек сахнада болды. Бишілер мен хореографтардың еңбегіне басымды ием, - дейді көрермен Дина Шакирова.
Алдағы уақытта бишілер гастрольдік сапармен Қазақстан қалаларын араламақ. Бишілер шоудан бөлек, «Бродвей джазы» және «Контемпорари» бағытында шеберлік сағатын өткіземіз деп отыр.