Өскеменде «Киелі Алтай» фотокөрмесі өтті (Фоторепортаж)
Өскеменде Шығыс «Фотоөнер» қоғамының бастамасымен «Киелі Алтай» фотокөрмесі өтті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Көрме "Рухани Жаңғыру" бағдарламасының "Қазақстанның киелі жерлері" бағыты бойынша ұйымдастырылып отыр.
Осы жазда "Шығыс-Ақпарат" медиахолдингі, "Фотоөнер" қоғамдық бірлестігі және Берел қорық-мұражайының қолдауымен өткен фотоблог-турға еліміздің әр облысынан фотографтар жиналып, Алтайдың сұлу табиғатын суретке түсірген еді. Міне, сол суреттер бүгін көрмеге қойылды.
Фотокөрменің ашылу салтанатына ШҚО әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Серік Жеңісұлы, "Шығыс Ақпарат" медиахолдингінің басқарма төрағасы Нұрбек Бекен қатысты.
Құттықтау сөз ардагер журналист, филология ғылымының кандидаты Айтмұхамбет Қасымға берілді.
- Адамның қолынан барлық іс келеді, тек адамдар уақытты бір орында ұстап қала алмайды. Ал кәсіби фотографтар әсерлі бейнелер мен табиғат сұлулығын қалт жібермей, өнер туындысына айналдырады. Мен осы жарқын сәтті естелікке айналдырған фотографтың да уақытты бір орында ұстап қалар құдыреті бар деп есептеймін. Қазір Алтай өңірінің сұлулығын бейнелеген ел ішінің әр аймағынан жиналған мамандардың туындыларымен таныс боласыздар. Менің қуанатыным жастардың да фотоөнерге қызығушылығы артып келеді. Өткен жазда облыстық "Дидар" газетінің журналистері Тілеубек Шаяхметов пен Мерей Қайнарұлы ағаларының ізімен ШҚМУ "Журналистика" мамандығының III курс студенті Елназ Әбенғазиева бүгін алғашқы көрмесіне қатысып отыр, - деді Айтмұхамбет Қасымұлы.
Көрмеде Қазақстанның әр түрлі облыстарынан шыққан Асылхан Әбдірайымұлы (Алматы), Досжан Балабекұлы (Алматы), Мейірбек Тажкуранов (Орал), Бекбол Нұрадинов (Алматы, Ақтөбе), Салауат Жәнібекұлы (Маңғыстау), Сұлтан Сейтов (Нұр-Сұлтан), Мұхаммедәлі Шері (Түркістан), Мерей Қайнарұлы (Өскемен), Тілеубек Шаяхметов (Өскемен), Аяужан Утеулинова (Өскемен), Бүлдірген Нұрлан (Өскемен), Елназ Әбенғазиеваның (Өскемен) сынды фотографтардың туындылары көрсетілді.