Егін егу мен жер жыртуды жеңілдететін құрылғы ойлап тапты
Облыста жалындап тұрған жастар жетерлік. Тіпті, олардың ел мүддесі үшін атқарып жатқан шаруаларына қарап, көзің сүйсініп, көңілің толады. Бір қуанарлығы сол, қазір өңірде жас өрендердің IT-жобаларын қолдауға үлкен мән беріліп отыр. Таяуда облыс әкімдігінің инвестициялық орталығында өнертапқыш оқушылар бас қосып, өзара тәжірибе алмасты. Оған аймақтың әр өңірінен келген жастар қатысты. Солардың бірі – Саятбек Мейрамбеков.
– Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезімде: «Ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерді бірнеше жыл қатарынан қолдану үшін қайтпек керек? Егін егу жұмыстарын жеңілдететін техниканы ойлап табуға бола ма? Шетелдік ғалымдардың қолынан шыққан дүниені неге өзіміздің елде жасап көрмеске?!» деген ой мазалайтын еді. Ал кейіннен ұстазым Думан Жұмабайдың көмегімен күннен қуат алатын электрлі шынжыр табанды ойлап таптым. Сөйтіп, ғылым саласына бет бұрдым. Мұндағы ең басты мақсат – ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігін жеңілдетіп, қатарластарымның агроөнеркәсіп саласына деген қызығушылығын ояту, - дейді Саятбек Мейрамбеков.
Техниканың тілін жетік меңгерген бұл бала Аягөз ауданының тумасы. Ол аудандық жас техниктер станциясында білім алуда. Бос уақытын ауыл шаруашылығытехникасының қыр-сырын меңгеруге арнайды.
– Біз ойлап тапқан электр шынжыр табан іштен жанатын дизельді қозғалтқыштардан мүлде шектетілген. Сондықтан экологиялық тұрғыдан тиімді. Әрі жердің құнарын бірнеше жыл бойы сақтап қалуға мүмкіндік береді, - деді Саятбек Мейрамбеков.
Саятбек Мейрамбековтің айтуынша, электрлі шынжыр табан жер жырту, егін егу, астық жинау сынды басқа да жұмыстарды жеңілдетеді. Ең бастысы, ауыл адамдары үшін өте тиімді құрылғы.
– Болашақта IT-саласы бойынша білім алып, ел игілігі үшін аянбай еңбек еткім келеді, - дейді ол ағынан жарылып.
Саятбек сияқты талапты жастардың осындай талпыныстарын жергілікті атқарушы билік те жерде қалдырмаймыз деп отыр.
– Балалардың ұсынып отырған жобалары көңіл қуантады. Әсіресе, «Теңге алу», «Ақылды мектеп» сынды жобаларды ерекше атап өтуге болады, - деді облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Маргарита Гагарина.