Зайсан ауданындағы Шілікті ауылында интернет байланысы жақсарды
Таулы аймақта орналасқан, ұзақ жылдар бойы байланыс қиыншылығын көрген шекарадағы Шілікті ауылы үшін бүгін маңызды күн болды. Мемлекет басшысының шалғай елді мекендерді цифрландыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес ауылға алғаш рет кеңжолақты сапалы интернет келіп, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, білім мен медициналық қызметтің дамуына жаңа мүмкіндік ашылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгін Қытай Халық Республикасымен шекара маңында орналасқан Зайсан ауданының Шілікті ауылында кеңжолақты мобильді интернетпен қамтамасыз етуге арналған инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы бар антенна-мачталық құрылғы іске қосылды. Аталған ауылдық округке Шілікті, Жалшы және Тасбастау елді мекендері кіреді. Округ аудан орталығы – Зайсан қаласынан 65 шақырым қашықтықта орналасқан. Таулы аймақтың күрделі жер бедеріне байланысты ауыл тұрғындары ұзақ жылдар бойы интернет байланысы жағынан айтарлықтай қиындық көріп келген еді. Енді шалғай елді мекенге де сапалы кеңжолақты интернет жетті.
Аймақ басшысы атап өткендей, бүгінде өңірде осындай 14 антенна-діңгекті мұнара орнатылған. Соның нәтижесінде облыс ауылдарының 98 пайызы сапалы интернетпен қамтылып отыр. Ал 2026–2027 жылдары Шілікті сияқты тау арасында орналасқан және шекара шебіндегі шалғай ауылдар да толық интернетке қосылатын болады.
Кешелі бері ұялы байланыс мүмкіндігін көріп жатқан ауыл жұртшылығы да қуанышын жасырмады.
Айта кетейік, бұған дейін округті аудан орталығымен байланыстыратын 65 шақырымдық автожол толық жөндеуден өткен болатын. Соның арқасында, әсіресе, көктем мен күзде жол қозғалысына қиындық туғызған, бүгінде шешімін тапқан үлкен мәселе болды.
Фото: Артем Жигулин
Видео: Жалғас Сакадиев











