«Smart военкомат»: Әскери қызмет туралы анықтаманы e-Gov-тан жүктеу жолдары жеңілдеді
«Smart военкомат» жобасы аясында e-Gov электрондық үкімет порталының «Жеке кабинетінде» азаматтарға арналған жаңа қызмет іске қосылды, деп хабарлайды Altainews.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Енді қазақстандықтар әскери қызметке қатыстылығы, есепте тұруы, қызметтен өткен кезеңдері, оның ішінде әлеуметтік төлемдер алуға құқық беретін мерзімдер туралы мәліметтерді өздері ала алады.
Министрлік мәліметіне сүйенсек, пайдаланушылар арасында, әсіресе, әскери қызметке жарамдылық дәрежесі туралы ақпаратқа сұраныс жоғары. Аталған мәліметтерді алу үшін e-Gov порталының «Жеке кабинетіне» кіріп, «Әскери қызмет» бөліміндегі «Жүктеу» батырмасын басу жеткілікті.
Әскери есеп мәселелеріне жауапты Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті алдағы уақытта аталған деректерді eGov mobile қосымшасы мен екінші деңгейлі банктердің сервистері арқылы да алу мүмкін болатындығын жеткізді.
Сөзсіз, бұл қызмет оқу орнына, әскери қызметке, құқық қорғау немесе арнайы мемлекеттік органдарға жұмысқа орналасу кезінде құжат жинау жұмысын айтарлықтай жеңілдетпек.
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі


