KZ
Өскемен
+12°
туман жел 1 м/с, СБ
474.71 511.74 5.54

Кәсіпорыннан қалған ғимарат кәдеге жарай ма?

3.10.2019, 05:28 122

 

Облыс әкімі Даниал Ахметов Шемонаиха ауданына жасаған іссапары барысында Усть-Таловка, Выдриха ауылдарының спорт кешендерін аралап, жылыту маусымына даярлығын тексерді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Выдриха ауылының жасөспірімдері хоккейден бірнеше мәрте аудан чемпионы болып, облыста да бақ сынап жүр екен. Жуықта жас хоккейшілері көп бұл ауылда арнайы алаң ашылыпты. Оның көрермендерге арналған трибунасы да бар,

Ал Усть-Таловка ауылындағы «Жұлдыз» спорт кешені бірнеше жыл бұрын ашылған. Жаңа құрал-жабдықтармен толықтырылып жатыр. Директорының сөзінше, мұнда республикалық жарыстар да ұйымдастырылып тұрады.

Усть-Таловкадағы "Жұлдыз" спорт кешені

Спорт кешенін аралап шыққан соң, KAZ Minerals компаниясына қарасты "Шығыстүстімет" ЖШС-нің басқарма төрағасы Ильсур Даутов аймақ басшысы Даниал Ахметовті Шемонаиха мен Усть-Таловканың ортасында орналасқан кәсіпорынның бос ғимаратына алып барды. Екі ауылдың арасы, шамамен, 10 шақырымдай.

Кәсіпорынның босаған ғимараты

– Бұл ғимаратқа жылу келіп тұр. Жуынатын бөлмелері бар. Спорт кешеніне сұранып тұр, – деген Ильсур Даутов қазіргі уақытта кәсіпорынның осы маңдағы жұмысы аяқталғандықтан, ғимарат босап қалғанын атап өтті.

Бос ғимараттың ішкі көрінісі

Шағын футбол өткізуге болатындай екі залы бар алып ғимаратты аралап көрген аймақ басшысы мұны мемлекетке алып, спорт кешені қылып ашу қаншалықты тиімді екенін сұрады аудан әкімдігі мен спорт саласының мамандарынан.

Бос ғимараттың екінші залы

Аудан әкімі Григорий Акуловтың сөзінше, ауылдан автобус шығарып, балаларды жеткізіп тұруға болады екен.

Ал «Жұлдыз» спорт кешенінің директоры Владимир Шабанов мұның екіталай жұмыс екенін айтты.

Аймақ басшысы ғимараттың қандай да бір кәдеге жарайтын-жарамайтынын әлі де қарастырып көру керегін айтты.

Бұдан кейін аттың басы Усть-Таловкадағы үйлер мен мекемелерді жылытып тұрған KAZ Minerals компаниясының қазандығына бұрылды. Жылыту қазандығы биылғы маусымға толықтай даяр деуге болады. Маманның сөзінше, мұндағы жұмыстың барлығы автоматтандырылып та жатыр екен.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив