Қазақстанда жыл басынан бері жасөспірімдерге қатысты 600-ге жуық қылмыстық іс тіркелді
ІІМ-нің мәлімдеуінше, жыл басынан бері кәмелетке толмаған жасөспірімдерге қатысты 589 қылмыстық іс тіркелді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Министрліктің ақпаратына сүйенсек, жыл сайын 40 мыңнан астам ата-ана мен заңды өкіл кәмелетке толмаған балалардың құқығы мен заңды мүддесін бұзғаны үшін әкімшілік жазаға тартылады. Сол сияқты сот арқылы жыл сайын мыңға жуық ел тұрғыны ата-ана құқығынан айырылады. Бүгінгі таңдағы балалар құқығына қатысты басты проблема – оларға қарсы зорлық-зомбылық пен күш қолданудың тоқтамауы.
Қазіргі уақытта балаларға зорлық-зомбылық көрсеткен 1,5 мың адам түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатыр. Бала құқығына қатысты тағы бір мәселе – олардың қараусыз қалуынан немесе бос уақытының көп болуынан түрлі бағыттағы оқыс оқиғаға тап болуы. Биыл 286 бала ажал құшты. Оның 16-сы өрт салдарынан, 124-і суға кетіп қайтыс болды, 146 бала жол-көлік апатынан мерт болды.