Өскемен базарларында рейд жүріп жатыр
«Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мониторингтік тобы Өскемендегі екі базарда рейд жүргізді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Заречный базарында ет тасушы және жүк тиеуші жұмысшылардың арнайы киімдері жоқ екенін байқадық. Сондай-ақ үздіксіз қосылып тұруы тиіс санитарлық тоңазытқыш жұмыс істемейді, – деді ШҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің департаментінің өкілі Мейіргүл Сахариева.
– Дос-Нар базарында барлығы жақсы деуге болады. Құдды біздің келетінімізді білгендей. Бірақ бұл жерде де жүк тасушылар арнайы киім кимеген. Бізге базар директорының орынбасары кезігіп қалды. Ол бірден қажетті киім-кешекті сатып алып, қызметкерлерге үлестіруге тапсырма берді, – дейді мониторингтік топтың мүшелері.
Агенттіктің ақпаратына қарағанда, алдағы уақытта рейдтер жалғасын табады.