82 жастағы әнші Нұрғали Нүсіпжанов үйленді
Әнші Қазақстан Республикасының Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов үйленді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл туралы Қуандық Ешмет есімді азамат Instagram желісіндегі парақшасында хабарлаған. Оның айтуынша, той кеше, 26 тамызда Алматы қаласында өткен.
"Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың, Қазақстан жастар Одағы сыйлығының, Қырғыздың Абылас Молдабаев атындағы халықаралық сыйлықтарының лауреаты, Өзбекстан республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Нұрғали Нүсіпжанов ағамыз 26 тамыз күні отау тікті құтты болсын!", - деп жазған Қуандық Ешмет.
Парақшаның иесі "Құрметті қазақ елі! деп Нұрғали Нүсіпжанов пен Жадыра есімі жазылған баннердің алдында тұрған жұбайлардың суретін салған.
"Нұрғали ағамызды жақсы танимыз ғой. Ол расталған ақпарат. Мен өзім ол тойға бара алмай қалдым. Керек десеңіз видеосын да жариялай аламын", - деп нақтылады мәлімет Қуандық Ешмет Tengrinews.kz тілшісіне телефон арқылы.
Нұрғали Нүсіпжанов - 1937 жылы 5 қаңтарда Талдықорған облысының Гвардия ауданындағы Күреңбелдің (Алтынемел) жанындағы Доланалы ауылында туған. Ол - Қазақстанның халық әртісі. Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Парасат, Құрмет ордендерінің иегері. Халыққа ке тараған "Өз елім", "Сарыжайлау", "Алатау" әндерін айтқан.