Көкпектіде жігіттер тайынша көтеріп, жұртты таңғалдырды
Көкпекті ауданында "Рухани жаңғыру" бағдарламасының аясында кешеден бері халықаралық жігіт сұлтаны байқауы өтіп жатыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Байқаудың бірінші күні ұлттық спорттан бессайыс өтті. Алғашқы күнгі қорытынды бойынша Қарағанды, Алматы облыстары мен Өскеменнен келген қатысушылар көш бастап тұр.
Бүгін өнер бөлімі басталды. Әзірге Түркістан облысынан келген Әкбар Елубайұлы есімді палуан жігіт тайынша көтеріп жұртты таңғалдыруда. Ол салмағы 120 келі тартатын тайыншаны 20 рет көтерді.
Айта кетейік, Әкбар осыған дейін екі рет қошқар көтеруден рекорд жаңартып, Гиннестің рекордтар кітабына еніпті. Ол кешегі қазақша күресте де бірінші орын алған болатын.