KZ
Өскемен
+9°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, З
478.54 533.76 5.17

Халықаралық "Толағай сұлтанының" қызықтары: Атқа мініп көрмегендер де болды

28.08.2019, 04:02 285

Толағай аталатын тау қазақ даласының пұшпағында көптеп кездеседі екен. Біздің облыста Көкпекті мен Тарбағатай ауданында бар. Естуімізше, Ұлытау (Қарағанды облысы) төңірегіндегі бір тау да осы атты иеленген. Ғалымдардың айтысында «толағай» сөзі ертеде «төбе», «бас» деген мағына берген. Дулат Бабатайұлының «Төрт түлікке толтырды, Толағай тұлдыр қыратты» деп жырлауы – Толағай тауларының, Махамбеттің «Қу толағай бастанбай, Ерлердің ісі бітер ме?» деп жырлауы осынау жігіт сұлтаны сайысының аталу себебін оп-оңай түсіндіріп тұрғандай.

Сайыс дегеніміз – Көкпекті жеріндегі облыс, аудан әкімдігі және Жастар ресурстық орталығы бірлесіп ұйымдастырған халықаралық «Толағай сұлтаны» байқауы. Екі күнге жоспарланған жігіттер сынының әуелгісі теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, қолкүрес, қазақ күресі сынды ұлттық спорт түрлерінен – бессайыс, содан кейін білім және өнер бәсекесі болмақ. Бақ сынауға Моңғолиядан, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Алматы, Түркістан облыстарынан, Нұр-Сұлтан, Өскемен шаһарларынан және аймағымыздағы аудандардан ұзын саны 23 палуан келді.

Бұл өзі бар-жоғы 20-25 секунд аралығында...

«Жамбы ату» – мергендік өз алдына, жігіттің ептісіне арналған сын. Өскеменнен келген Сләмбек Қабиев епті екен. Ол атының тізгінін бос қоя беріп, сауырлата қамшы басып еді, желден жаралған жануар орыннан ытырылған күйі екпіндей шапты. Содан соң қамшысын езуіне көлденең қыстыра қорамсадағы жебелердің бірінен кейін бірін суырып, онысын адырнаға адаспай іліктіріп, қатар-қатар қойылған үш нысанаға да кезек-кезек садақ тартты. Сләмбектің ысқырып ұшқан жебелері межелі шеңбердің екеуіне дәл қадалды. Бұл өзі бар-жоғы 20-25 секунд аралығында болып еді.

«Теңге ілуде» Баянауылдан келген Батырбек Қошқарбаев бес теңгенің үшеуін іліп, аспанға атты. Ал Қарқаралының жігіті Тілеухан Нұрханның ұлттық ойын түрлерімен айналысатынын сайыс басында ұстазының аузынан естігенбіз. Жоғарыдағы екі сында алдыңғы үштікке ілініп, аударыспақта қарсылас шыдатпай, күткен үдеден шықты сырттан жігіт.

– Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы Нүркен деп аталатын ауылдан келдік. Сол жерде мектептен тыс уақытта жас балаларға ұлттық ойындар үйірмесін жүргіземін. Жиырма шақты баланы төл спортымызға баулып жатырмын. Көрші ауылдардың жастары да келіп қатысады. Тілеухан – шәкірттерімнің алды. Ұлттық спорт түрлерінен өткен биылғы облыстық (Қарағанды) бессайыста жеңімпаз болған оны басшылық Шығысқа, «Толағай сұлтанына» үкілеп жіберді. Салыстырмалы түрде әзірге нәтижеміз жаман емес. Бір «әттегенайымыз» – шәкіртімнің астындағы ат өзінікі болмай тұр. Сыралғы сүлікқарасы болмаған соң, Тілеухан олқылықтар жебіріп алды. Амал не, жер мойыны қашық болғандықтан, жануарды алып келу қиынға соғып еді, – дейді Тілеуханның ұстазы Асхат Баймаханов.

Асхат мырзаның сөзінше, ұстазды-шәкіртті екеуі өздерінің үйірмесін осы жылы Ұлттық спорт мектебі қылып ашпақшы екен. «Әзірге 50 баланы қабылдауға мүмкіндік бар», – дейді төл өнердің жанашырлары.

Атқа бірінші рет мінген қазақ

Ат ойындарында жиылған жұрттың «бәрекелдісі» біз атаған жігіттерге бұйырды. Ал Алтай ауданынының атынан шыққан Ақжол атқа бірінші рет мініп тұрғанын жасырған жоқ. Десе де, қатарынан қалмай додаға түсті.

– Мынау мініп жүргендері – көкпардың аттары. Бұлар теңге ілгенге өте биік. Әйтпесе жігіттердің талабы жақсы. Темір аттың заманында да жылқыға мініп, осындай жарыстарға түсіп тұру керек. Мен өзім өмір бойы жылқы бақтым. Соның етін жеп, қымызын іштім. Денсаулығым жақсы, құдайға шүкір, – дейді Теректі ауылынан арнайы «Толағай сұлтанына» келген 90 жастағы көрермен – Әбен қария.

Қолкүрес пен қазақша күрес кәсіби деңгейде өтті десек, қателеспейміз. Оған төрешілік еткен белгілі палуан Айбек Нұғымаровтың пікірі дәлел.

– Өзім де осы жігіттер секілді жарыстарға қатысып жүрген палуан болғандықтан, біреудің жолын кесіп, бағын байлауға қарсымын. Бүгінгі сайыстың әділ болуына бар күшімді салдым. Қазір қазақ күресінің әдістері өзгеріп жатқандықтан, сол жағына баса назар аудардым. Жігіттер жақсы күресті. Екі ай бойы кілемге шықпаған менің арқам қозды, – дейді әлем барысы.

Қазақ күресінде Түркістан облысының палуаны Әкбар Елубайұлы, қол күресте Алматы облысының жігіті Мейрамбек Рахимбаев жеңіске жетті.

Тайынша көтерген палуан

– Еркін күрестен Азияның күміс жүлдегерімін. Қошқар көтеруден екі рет ел рекордын жаңартып, Қазақстан рекордтар кітабына ендім. Биыл жастар жылына орай көкпардың жасанды серкесін 2019 рет көтергенім бар, – өзін осылай деп таныстырған қазақ күресінің жеңімпазы Әкбар Елубайұлы өнер көрсету сынында да таңғалдырарлық іс қылды. Сахнада салмағы 120 келі тартатын тайыншаны 20 рет көтерді атан жілік азамат.

Ал Абай ауданынан келген Айдос Үркімбаев қарынына бір метрдей биіктен 16 келілік кір тасын тастатып, кеудесіне қойған жалпақ тасты зор балғамен соғып жарғызды. Естір құлаққа анау айтқандай таңғалдырарлық болып жетпес, десе де зайсандық Рауан Сахановтың салған әні, жармалық Жандос Қалижаровтың үрмелі аспапта орындаған шетел әуендері өнер бәйгесі деген, міне, осы дегізді. Мәдениет үйіндегі жігіт сұлтанының екінші бөлімі қызықты басталды.

Қара күшке қайыспас нардай көрінген жігіттердің нағыз сегіз қырлы, бір сырлы екендігін анықтау үшін білім сайысы керек енді! Сұрақ-жауап бөлімінде салт-дәстүр, рухани жаңғыру төңірегінде сауалдар тасталды. Үш бәйтерек, төрт мұрат, бес қару, жеті жетімді атап беріңіз, Абай, Махамбет өлеңдерінің жалғасын айтыңыз, тарихи кітаптардың авторларын табыңыз, жыр-дастандардағы тұлпарларды атап беріңіз, көне сөздердің мағынасын түсіндіріңіз дегендей, қилы-қилы сұрақтар болды. Тарбағатайлық Ерқанат Әлиханұлы батыр ақын Махамбеттің жырын жатқа соғып, ескі сөздің түп төркінін дәл тауып берді. Амал нешік, білімді жігіттің білек күші сынға түскен кешегі сайыстағы ұпайы аздау болатын.

Жігіт сұлтаны 1991 жылы өткен

Жеңімпаздарды марапаттау сәтінде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ирина Смит пен Көкпекті ауданының әкімі Асхат Смаилов құттықтау сөз сөйледі.

– Осыдан үш күн бұрын Самар ауылында Абай бабамыздың туған күніне орай ескерткішін және оның атына берілген орталық алаңның ашылу салтанатын тойладық. Кешеден бері Көкпекті төсінде жігіттердің сұлтанын анықтадық. Бірер сәттен кейін құпия сақталып отырған жеңімпаздардың есімі де мәлім болады. Бірінші кезекте айта кетерім, бұл сайыс ауданымызда Атымтай азаматтар болмаса өтпейтін еді. Болат Бекбердинов ағамыз бас жүлдеге «Лада-Гранта» көлігін атаса, Ержан Қойгелдин, Марат Хариков, Жұмабек Шубаев, Владимир Винчук сынды азаматтар басқа бәйгелерге мол қаржы тікті, – деген Асхат Смаилов жомарт жандарға алғыс білдірді.

Қазылар алқасының мәлімдеуімен, әуелі сегіз аталым бойынша үздік шыққан сегіз жігіт марапатталды. Одан кейін осы сындарда жинаған ұпайларымен алға шыққан жеңімпаздар есімі аталды. Үшінші орын – Батырбек Қойшыбековке (Павлодар), Екінші орын – Тілеухан Нұрханға (Қарағанды), бірінші орын – Әкбар Елубайұлына (Түркістан), бас жүлде Айдос Үркімбайға (Абай ауданы) бұйырды.

– Жігіттің сұлтаны деген байқаудың тұсауы 1991 жылы Алматы қаласында кесілген болатын. Ол сегіз жылдай үзбей өтіп тұрды. 1998 жылы тоқтатылды. Жобасын талай жерге ұсынғанымызбен, қаржылық мәселе шешілмеді. Міне, жігіт сұлтаны арада 20 жылдан астам уақыт өткенде ертегі кейіпкерінің атын алып, қайта жанданып жатыр екен. Мен бұл байқаудың сол Ақселеу Сейдімбектей алыптар бастаған сайыстың орынын басып, жалғасы ретінде жыл сайын өтіп тұруын тілеймін. Екі күндік аламанның қорытындысы ретінде естір құлаққа жетер деген ниетпен өзі палуан, өзі әнші, нағыз жігіттің сұлтаны Балуан Шолақтың «Сентябрь» мен «Ғалиясын» орындап берейін, қабыл алыңыздар! – деген әнші, өнертанушы, «Толағай сұлтанының» төрешісі, бір кезде өзі айтқан жігіт сұлтанына қатысып жүлдегер болған Ерлан Төлеутай қолына домбырасын алып, жігіттерге қарата қағып-қағып жіберді де, зор дауысымен әнді бастап кетті.

Толайғай аталатын тау қазақ сахарасында көптеп кездеседі. Толағайдай жігіттер азаймасын!

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив