«Мектепке апарар жол». Өскеменде 60 балаға көмек көрсетілді
Бүгін «Nur Otan» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы «Мектепке апарар жол» жалпыреспубликалық жобасы аясында 59 балаға көмек көрсетілді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Дәстүрге айналған шараның басты мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көмек қолын созу. Шараға жиналған 59 балаға оқуға қажетті құрал-жабдықтар салынған сөмке берілді.
– Осындай игі бастаманың өткізіліп жатқанына өте ризамыз. Көпбалалы және жалғызбасты аналарға көмек қолын созған жандарға алғысымыз шексіз. Балаларымыз қуанышты. Сөмке мен оқу құралдарының сапасы өте жақсы екені көрініп тұр. Осындай ізгі істердің өз жалғасын тапқанын қалаймыз, – дейді қала тұрғыны Айым Асанғалиева.
Акция әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларды мектепке даярлау мақсатында басталған.
– Бұл шараның өтіп келе жатқанына 7-8 жылдай болып қалды. Мәселен бүгін кейбір шаңырақтан 2-3 балаға дейін қатысты. Атаулы шара үш күн бойы өтеді. Партиядан бөлек кәсіпкерлердің өздері хабарласып, көмек қолын созуда, – дейді «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов.