Облыстық мешіт оқушыларды қуантты
Облыстық мешіт оқушыларды қуантты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Өскемендегі облыстық «Халифа Алтай» мешіті әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды қолдау мақсатында «Мектепке жол» акциясына үн қосқан болатын. Таяуда мешітте көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға оқу құралдарын табыс ету рәсімі өтті.
Облыстық мешіттің баспасөз қызметі хабарлағандай, акцияның алғашқы кезеңінде 200 оқушыға сабаққа қажетті құрал-жабдықтар сатып әперілген.
– Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кім мейірімді болмаса, оған мейірімділік етілмейді», – деп өсиет еткен. Мұқтаж жандарға көмек қолын созу – адамгершілік парыз, – деп атап өткен «Халифа Алтай» мешітінің бірінші наиб имамы Дәулет Тілеуханұлы оқушыларға жаңа оқу жылында табыс тіледі.
Мешіт тарапынан көмекке ие болған оқушылардың ата-аналары діни қызметкерлерге өздерінің ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, З.Ахметов атындағы №16 мектеп басшылығы «Халифа Алтай» мешітіне көрсеткен көмектері үшін алғыс хат табыстады.