Аяз ата емес, "Рамазан ата" Өскеменде сыйлық таратып жүр
Жоба аясында «Рамазан ата базарлығы» атауымен әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған жандарға, жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларға сыйлықтар таратылуда. Бұл туралы "Егемен Қазақстан" газеті жазады
Өскемендегі облыстық Халифа Алтай мешіті Рамазан айында «Рамазан ата» атты игі жобаны қолға алды. Жоба аясында «Рамазан ата базарлығы» атауымен әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған жандарға, жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларға сыйлықтар таратылуда.
«Рамазан айын жұртшылық арасында кеңінен насихаттау мақсатында осындай тағылымды жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Жоба шеңберінде Рамазан ата ең әуелі қаладағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-интернатқа барып, базарлықтарын үлестірді. Қасиетті айда біздің мешітте күн сайын 400-500 адамға ауызашар беріліп жатыр. Тағы бір жағымды жаңалық, Аблакетка шағын ауданында мешіт құрылысы басталды. Жалпы, ораза басталғалы мешіт тарапынан 50 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетілді», - дейді Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Өскемен аймағы бойынша өкіл имамы Ермек қажы Мұқатай.
Азамат Қасым