ШҚО-ның қай аудандарда халықты көмірмен қамту жағы нашар?
Бүгін өткен облыстық әкімдік отырысында аймақ басшысы бірнеше мәселеге тоқталып, аудан-қала әкімдері мен басқарма басшыларына тиісті тапсырма берді. Соның бірі – қысқы маусымға әзірлік жайында болды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Облыс әкімінің айтуынша, өңірде бұл бағыттағы жұмыстар ойдағыдай жүргізілуде. Дегенмен бірнеше аудан мен қаладағы дайындық әлі де нашар. Бұл бірінші кезекте тұрғындарды көмірмен қамтуға қатысты. Аталмыш бағытта Семей қаласы, сондай-ақ Катонқарағай, Ұлан, Үржар, Тарбағатай және Шемонайха аудандарының көрсеткіштері төмен. Ал 1 тамыздағы жағдай бойынша Курчатов қаласында, Абай, Аягөз, Бородулиха және Бесқарағай аудандарында көмір мүлдем жоқ.
– Уақыт әлі бар. Сондықтан кеткен олқылықтың орнын тездетіп толтырыңыздар. Алдағы сәрсенбі күні осы мәселеге қатысты жиын өткізіп, әр әкім мен басқарма басшысынан қысқа дайындық жайын сұрайтын боламын. Былтыр Үржар ауданында орын алған жағдай биыл қайталанбауы тиіс. Естеріңізде болса, өткен жылы үржарлықтар кейбір тасымалдаушылардың кесірінен көмірді негізсіз өсірілген бағаға сатып алуға мәжбүр болған. Осындай бассыздыққа жол бермеу үшін аудан басшылығы облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен бірлесе қазірден бастап тиісті жұмыстар жүргізуі қажет, – деген аймақ басшысы құзырлы органдарға тұрғын үйлерді жылумен қамту жөніндегі құжаттар 15 қыркүйекке дейін қолға тиюі керектігін ескертті.