Қазақстанның бір облысында мал қырылып жатыр
Қарағандыда аса қауіпті вирустың кесірінен ірі қара қырылып жатыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Облыста бірнеше ауданда нодулярлық дерматит тараған. Аталған вирусты 20-ға жуық сиыр жұқтырып, оның 3-еуі өлген.
– Ең бірінші бұзауға жаралар қаптай бастады. Кейін дене қызуы көтеріліп, тыныс алуы қиындады. Бірден ветдәрігерді шақырдым. Алайда, ол мұның бәрі судан, ауруды шіркейлердің таратуы мүмкін деп жорамалдаған. Аудан әкімінің орынбасары да келген, ол мұндай жағдаймен бірнеше рет соқтығысқанын айтты. Егер бұл туралы ерте құлақтандырса екпе ектіруші едік қой. Өзіміз-ақ сатып алар едік. Осы жылы совхоз ауыл бойынша екпе жүргізбеді, тек үш үйге барған. Оларда ірі қараның басы 40-қа жуық. Бірақ база бойынша екпе бәріне салынды делінген, – дейді ауыл тұрғыны Елена Бунтовская.
Еленаның айтуынша қорадағы 10 сиырға жара шыққан. Тіпті ірі қараларын өріске де шығара алмай отыр екен. Облыстағы бас ветдәрігер нодулярлық дерматиттің тарағанын мәлімдеді.
Айтпақшы, дәл осы мәселе Шет ауданындағы Ақой ауылында басталған көрінеді. Ағымдағы жылдың маусым-шілде айларында ауылда 17 бас сиыр вирусты жұқтырған көрінеді. Абырой болғанда 14-іне уақытылы ем жүргізіліпті.
Облыс бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. 1200 бас сиырға екпе салынған екен.
– Біз былтырдан бері нодулярлық дерматитке қарсы екпе жүргізіп келеміз. Қазіргі кезеңде жедел емдеу шараларын жүргізу қажет. Бірақ тұрғындар дәрі-дермек алғылары келмей отыр. Орта есеппен айтқанда дәрі бір сиырға 10 000 теңгеге шығады. Ем жүргізу шаралары 7-10 күнге созылады, – дейді Облыстық ветериналдық бақылау инспекциясының бастығы Қайырбек Тұрсынбеков.
Тағы бір атап өтетін жағдай, аталған мәселе 2016 жылы Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарында кездескен болатын. Ал, 2017 жылы оқиға Ақтөбе мен Қостанай обылстарында қайталанған.