Елімізде тараған мал індетінен ШҚО-ға келер қауіп жоқ
Еліміздің кейбір аймақтарында тараған нодулярлық дерматит індетінен Шығысқа келер қауіп жоқ. Бұл туралы ветеринария мамандары мәлім етті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Естеріңізге сала кетсек, бүгін республикамыздың орталығы мен солтүстігінде ірі қара малдардың арасында тараған нодулярлық дерматит вирусы туралы жазған едік.
Осыған байланысты редакциямызға «Нодулярлық дерматиттің Шығысқа келуі мүмкін бе?», «Алдын алу үшін екпе егілмей ме» - деп оқырмандарымыз алаңдаушылық білдірді. Ендеше, маманның сөзіне кезек берейік:
– Нодулярлық дерматит республика бойынша Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе облыстарында кездесіп жатыр. Алайда, Шығыстағы тұрғындардың алаңдауына еш себеп жоқ. Себебі, бізде ондай вирус тіркелмеген. Ал, екпеге келер болсақ, екпені салуға бізде ешқандай негіз жоқ. Қарағанды санитарлық аймаққа жатса, біздің Шығыс таза аймаққа жатады. Сондықтан қорықпаңыздар, – дейді ШҚО Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ертай Сейтқажыұлы.