Шығысқазақстандық теннисші халықаралық додада топ жарды
Шығысқазақстандық теннисші Армения астанасы Ереван қаласында өткен халықаралық жарыстың жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
15 жастағы Татьяна Николенко 14 елден 50-ге жуық спортшы қатысқан Армения Президентінің кубогы үшін жарыста топ жарды. ITF сериясына кіретін бұл додада ел намысын екі теннисші қорғаса, соның бірі өскемендік бойжеткен болатын.
Жарыс аясында барлығы бес кездесу өткізген жерлесіміз оның түгелін өз пайдасына аяқтады. Алдымен ресейлік қарсыласынан басым түскен Татьяна одан кейін Украина, Румыния мен Грузиядан келген теннисшілерді де үйлеріне қайтарды. Ал ақтық сында екі сетте (6:4, 6:4) есебімен ресейлік В.Бородинаны ұтқан Николенко осылайша өз спорттық мансабындағы алғашқы ірі жеңісіне жетті.
Тағы бір айта кетер жайт, осы жеңісінің арқасында J4 рейтингісінде бірден 158 сатыға көтерілген шығысқазақстандық теннисші енді әлемдік тізімнің 354 орнында орналасуда. Осы орайда бұл азиялық жас ракета шеберлері арасындағы ең үздік көрсеткіш екенін де айтқан жөн.