KZ
Өскемен
-12°
небольшая облачность жел 1 м/с, С
524.02 545.19 5.09

ШҚО-ның аудандарында жас мамандарды ауылға тарту мықтап қолға алынған

19.07.2019, 06:25 181

Бүгінде «Дипломмен-Ауылға!» бағдарламасы арқылы ауыл-аймаққа тартылған жас мамандар қатары жылдан-жылға артып келеді. Жас мамандарды ауылға тарту тәжірибесін мықтап қолға алған өңірлердің бірі Ұлан ауданы. Бүгінде әлеуметтік саланың ажырамас бөлігі – медицинаға тартылған мамандар саны бойынша бұл аудан көш басында. Мұның бір дәлелі, соңғы жылдары ауданға тартылған 10 дәрігер мен 24 орта буындағы медицина қызметкерлері.

- 2017 жылы Таврия ауылындағы Ұлан аудандық орталық ауруханасына жалпы тәжірибедегі дәрігер болып жұмысқа орналастым. «Дипломмен-Ауылға» бағдарламасы аясында келгендіктен маған әкімдік тұрғынүй берді. Біржарым жылдай аудандық ауруханада педиатр жұмысын атқардым. Қазіргі уақытта өз мамандығым бойынша жұмыс істеудемін. Жергілікті тұрғындардың жас мамандарға деген қарым-қатынасы жақсы. Бізге сеніммен қарайды, - дейді Біржан Қалибеков есімді жас маман.

Қазіргі уақытта учаскесінде 1500-ден астам пациенті бар жас маман ауылды жерде тәжірибе жинақтау әлдеқайда жеңіл екенін айтады. Әзірге басқа өңірге ауысу ойына келмегенін айтқан ол Таврия ауылын таңдаудағы басты себеп – оның облыс орталығына жақындығы екенін алға тартты. Күршім ауданының тумасы болып келетін жас дәрігер қарт Ертістің қай жағы болмасын еңбек істеген адамға жайлы екенін тілге тиек етті.

- Соңғы жылдары ауданымызға 10 дәрігер, 24 орта деңгейдегі медицина қызметкері келді. Мұндай мамандардың ауылдарымызға тартылып жатқаны көңілімізді қуантады. Жалпы, ауылды жерлерге келген мамандардың жалақыларына 30 пайыз үстемақы қосылады. Бұдан бөлек пайызсыз несиелер беріліп, 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көтермелеу ақысы беріледі. Кейбір қызметкерлеріміз әкімдік тарапынан баспанамен де қамтылады, - дейді Орталық аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Қарагөз Байділдә.

Жауапты тұлғаның айтуынша, аудандағы медицина мекемелеріне әлі де бірқатар мамандар қажет көрінеді. Сондай-ақ ол биыл жалпы мамандықтағы дәрігер, хирург, акушер-гинеколог және эндокринолог маманның келетінін атап өтті. Таврия ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Есбол Қызырханұлы соңғы бес жылда 20-дан астам жас маманға мемлекет тарапынан түрлі қолдау шараларының көрсетілгенін алға тартты.

Қоса кетсек, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, қазіргі уақытта өңірдің медициналық мекемелеріне 240-қа жуық жас маман жұмысқа келеді деп күтілуде. Жас мамандардың жүзден астамы дәл бүгін ауыл-аймақтағы ауруханалар мен фельдшерлік-пункттерді таңдап отырған көрінеді. Олардың ішінде жоғары білімді акушер-гинекологтар, жалпы тәжірибелік дәрігерлер, сәуле диагностикасы бойынша мамандар, психиатрлар, хирургтер бар.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу