ШҚО-да өткен фестивальдің көрермендерінен қатысушылары көп болды
Өскемендегі Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығында аймақтық жекпе-жек фестивалі өтті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Спорттық шараның ашылуына халықаралық дәрежедегі спорт шебері, кикбоксингтен бес дүркін Әлем чемпионы, республикалық жауынгерлік өнер қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы Асқар Можанов қатысып, жиналғандарға алдағы байрақты бәсекелерде тек сәттілік тіледі. Ал облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Денис Рыпаков болса, Шығыс Қазақстанда соңғы жылдары жауынгерлік өнерге бет бұрғындар саны айтарлықтай артқанын мәлім етті.
– Мұндай шаралар спорттың, соның ішінде жекпе-жек түрлерінің дамуына серпін беретіні сөзсіз. Бүгінгі фестивальге қоластымда жаттығатын бір топ спортшыны ала келдім. Араларында тәжірибелі саңлақтармен қатар, спорттық мансабын енді ғана бастаған жастар да бар. Фестиваль барлығы үшін жемісті болады деп үміттенемін. Ең бастысы, бұл шара басқа спортшылармен тәжірибе алмасып, шеберлігімізді шыңдауға мүмкіндік береді, – дейді Семейдегі MMA федерациясының директоры Евгений Жук.
Айта кетейік, фестивальді тамашалаушылар назарына каратэ, таэквондо, кикбокс, аралас жекпе-жек, джиу-джитсу сияқты спорт түрлерін жанына серік еткен саңлақтардың өнері ұсынылды.
Бір әттеген-айы, фестивальдің жарнамасы нашарлау болған сияқты. Олай дейтініміз, бұл күні шараны өз көзімен көруге келген көрермендерден гөрі қатысушы спортшылардың саны көп болғандай көрінді бізге.