"Форсаж" фильмінің эпизодын Қазақстанда түсіруі мүмкін
Әйгілі "Форсаж" фильмінің эпизоды Қазақстанда түсірілуі мүмкін. Америкалық блокбастердің продюсерлері Нұр-Сұлтан қаласынан түсірілімге локация іздеген екен, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Айта кетсек, "Форсаж" - көшенің автошабандоздары туралы фильм. Оның жаңа бөліміндегі эпизод Қазақстанда түсірілуі мүмкін деген ақпаратты «Жаһандық саясат бастамалары» компаниясының президенті Джей Футлик беріп отыр.
- Эпизодты түсіру не түсірмеуді продюсерлер шешеді. Олар сценарийге сай локацияларды қарап шығу керек. Оң шешім қабылдайды деген үміттемін, - деді Футлик бүгін өткен баспасөз конференциясында.
Сондай-ақ, ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Андрей Хазбулатов та "Форсаж" фильмінің эпизодын түсіру үшін Нұр-Сұлтан қаласында локациялар қарастырылғанын айтты. Оның мәліметінше, түсірілімге қатысты келісімшартқа қол қойылмаған. Қазір келіссөздер жүргізілуде.