KZ
Өскемен
-15°
небольшая облачность жел 2 м/с, В
494.95 525.49 5.05

Панченко «Алтайдан» кетті

11.06.2019, 08:05 147

«Алтай» волейбол клубының басшылығы қыздар командасының бас бапкері Юрий Панченкомен әріптестігін тоқтатқанын хабарлады.

Клубтың спорттық директоры Досжан Уалхановтың айтуынша, биыл ресейлік маманмен арадағы келісімшарт мерзімі аяқталып, тараптар оны ұзартпау жөнінде шешім қабылдады. Бұған қоса бапкердің денсаулығында кінәрат табылыпты.

Айта кетейік, Панченко «Алтайдың» бас бапкері қызметіне 2017 жылы тағайындалған. Содан бері білікті бапкер командасымен бірге екі рет ел чемпионатында топ жарды. Сондай-ақ дәл осы екі жыл ішінде өскемендік ұжым клубтық Азия чемпионатында төртінші, ал Әлем біріншілігінде бесінші орыннан көрінді. Бұған Қазақстан кубогы (екеу) және Суперкубогын да қосыңыз. 2017-2018 жылдарғы маусымда Панченко бастаған «Алтай» арулары ел біріншілігінде бір-ақ рет жеңіліс тауып, клубтық рекорд орнатқан.

– Юрий Петровичпен бірге бағындырған белестеріміз аз емес. Екі жыл ішінде «Алтай» елішілік жарыстардың бәрінде жеңіске жетіп, халықаралық аренада да сәтті өнер көрсетті. Дегенмен, маусым соңында біз бапкермен ақылдаса келе, келісімшарт мерзімін ұзартпау жөніндегі шешімге келдік. Қалай дегенде де, біз оның еңбегін жоғары бағалаймыз және атқарған қызметі үшін алғыс айтамыз, – дейді Д.Уалханов.

Әзірге клуб басшылығы Панченконың орнына келетін маман туралы ештеңе айтпай отыр. Алайда, өскемендік командаға алдағы ел біріншілігінде чемпиондық атағын сақтап қалу үшін біраз тер төгуге тура келетіні қазірдің өзінде белгілі. Себебі, осыдан біраз бұрын «Алтайдың» елішілік жарыстардағы басты қарсыласы талдықорғандық «Жетісудың» тізгінін танымал бапкер Жанболат Бурхан ұстаған болатын. Еске салайық, түрік маманы кезінде «Алтайды» да жаттықтырып, толағай табыстарға жеткізген.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу