KZ
Өскемен
-12°
плотный туман жел 1 м/с, С
498.51 522.84 4.81

«Алтай» волейбол командасының бас бапкері Лука Кьяппини қызметінен кетті

31.10.2019, 11:14 228

«Алтай» қыздар волейбол командасының бас бапкері Лука Кьяппини қызметінен кетті. Бұл туралы Алтайньюс тілшісіне өскемендік клубтың баспасөз қызметі хабарлады.

Белгілі болғандай, италиялық маманмен әріптестікті үзу жөніндегі шешім «Алтай» мен» Жетісу» арасындағы ойыннан кейін қабылданыпты. Еске салайық, Өскеменде 28-30 қазан аралығында өткен Ұлттық лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің алғашқы турында ел чемпиондары талдықорғандық волейболшылардан 0:3 есебімен ойсырай ұтылған болатын. Дәл осы сәтсіздігінен кейін команданың бас бапкері қызметімен қош айтысыпты.

Айта кетейік, Лука Кьяппини өскемендік «Алтай» волейбол клубы құрамындағы қыздар командасының бас бапкері қызметіне биылғы маусым айында тағайындалып, Юрий Панченконың орнын басқан. 46 жастағы италиялық маман осыған дейін «НРК», «Полиспортива Филоттрано» (Италия) және «ХПК Хямеэнлинна» (Финляндия) сияқты бірнеше команданы жаттықтырған.

Кьяппинидің қол астында «Алтай» волейболшылары ел кубогы үшін жарыста жеңіске жетті. Алайда, Қазақстан суперкубогының финалында алтайлықтар «Жетісудан» 0:3 есебімен жеңіліс тапты. Дәл осындай есеп ел біріншілігі аясындағы кездесуде де тіркелді. Осы ретте чемпионаттың қалған екі ойынында жерлестеріміз «Алматы» (3:1) мен «Алтай-2» (3:0) командаларын тізе бүктіргенін айта кету керек.

Өскемендік клубтың баспасөз қызметі хабарлағандай, енді «Алтайдың» тізгінін уақытша Еркін Нұрмұқашев ұстамақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу