KZ
Өскемен
+25°
гроза жел 2 м/с, С
475.18 510.72 5.47

Өскемендік жанкүйерлер Айбек Нұғымаровты әуежайдан қарсы алды

10.06.2019, 08:27 232

Өскемендік жастар облыс орталығының әуежайынан «Қазақстан барысы-2019» жарысының жеңімпазы Айбек Нұғымаровты күтіп алды. Еске салайық, осыдан бірер күн бұрын Нұр-Сұлтан қаласындағы «Барыс арена» спорт кешенінде өткен доданың финалында жерлесіміз тағы бір шығысқазақстандық балуан Ерасыл Қажыбаевты жеңген болатын.

Бұл күні әуежайға жиналған жас жанкүйерлер апайтөс балуанды «Айбек – чемпион!» деген ұранмен қарсы алып, ерекше қошемет көрсетті. Чемпион да өзіне әрдайым қолдауын аямайтын жерлестеріне құрмет білдіріп, әрқайсысымен естелік суретке түсті. Бұдан соң бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне биылғы дода жайында айтып берді.

– Белдесулердің қай-қайсысы да тартысқа толы болды. Жарыстың фавориті деген 5-6 адам бір-бірімен финалға дейін кездесіп қойды. Маған ақтық сында қарсылас атанған Ерасыл інім де осал емес. Екеуіміз де Шығыс Қазақстан облысының тумасымыз, жарыстарға бірге дайындаламыз. Биылғы турнир алдында финалда бір-бірімізбен белдесеміз деп айтып қалжыңдасатынбыз, дәл солай болып шықты. Бұл жолы менің мерейім үстем болды. Алайда Ерасылдың жеңістері әлі алда. Ал өз жоспарларыма келер болсақ, енді 15-16 маусым күндері Тарбағатайда өтетін Ырғызбай Досқанаұлы атамыздың атындағы ірі халықаралық жарысқа дайындықты бастаймын. Одан кейін желтоқсан айында өтетін «Әлем барысы» додасы бар. Бұған қоса «Еуразия барысы» сияқты басқа да байрақты бәсекелерге қатысамын. Сондай-ақ білім саласындағы қызметімді жалғастыра бермекпін. Өздеріңіз білетін боларсыздар, осыдан біраз бұрын Семейдегі көлік колледжінің директоры қызметіне тағайындалғанмын, – деді «Қазақстан барысы-2019» жарысының чемпионы.

Еске салайық, барлығы 35 балуан қатысқан республикалық турнир соңында Айбекке 25 миллион теңгенің сертификаты, алтын белбеу мен алтыннан құйылған ауыспалы «Тайтұяқ» табыс етілді. Ал екінші және үшінші орынға ие болған Ерасыл Қажыбаев пен Руслан Әбдіразақова сәйкесінше бес миллион және 1,8 миллион теңге берілді. Сонымен қатар балуандарға әр жеңісі үшін 100 мың теңге ақшалай сыйлық табысталғанын айту керек.

Айта кетейік, Айбек Нұғымаров үшін бұл «Қазақстан барысындағы» алғашқы жүлде емес. Абайлық балуан 2013 жылғы додада да топ жарған болатын.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив