Өскеменде табылған адам сүйегіне қатысты анықтау жұмысы тоқтатылды
Өскеменде табылған адам сүйегінің қалдықтарына қатысты полицейлер айтып берді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Есте болса, сәуір айының басында «Өскемен тұрғындары автовокзал жанындағы «ямадан» адамның бас сүйегін тауып алды» деп жазған едік.
«Ук-ньюс» ақпараттық порталының жазуынша, табылған сүйекке қатысты ешқандай қылмыстық оқиға болмағандықтан, оның кімге тиесілі екенін анықтау жұмысы тоқталған.
– Сараптама көрсеткендей, табылған сүйектер бір адамдікі. Шамамен, 40 жыл бұрын қайтыс болған. Ал оның кім екенін, әйел ме, ер ме, бойы қанша, жасы нешеде екенін анықтау мүмкін емес., – дейді Полиция департаменті бастығының орынбасары Елдос Закимов.
Айта кетейік, Карл Либкнехт көшесінде жүргізіліп жатқан құрылысқа осы «ямадан» топырақ алынған болатын. Сүйектер сол кезде табылған.
Ал халық арасында бұрын бұл жерде не болғаны туралы әртүрлі дерек айтылып жүр. Бірі «НКВД» ғимараты десе, келесісі "зират болды" дейді.
Өлкетанушылар не болғанын анықтау үшін ескі карталарға қарау керегін айтады.