Семейлік екі бала UFС ойнау үшін қолда бар затты түгел сатқан
Жоғалған адамдарды табуға не кедергі? Қазір жастардың жоғалып кетуіне қандай себеп бар? Аталмыш мәселеге қатысты Семейдегі ахуалды қалалық полиция басқармасы қылмыстық бөлімінің қызметкері Асқар Тықанов айтып берген еді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Жоғалған адамды іздеп табуға не кедергі болады дейсіз бе?Адамдар үйінен түрлі себептерге байланысты кетіп қалып жатады. Яғни әдейілеп. Сонда олар артына ешқандай айғақ қалдырмауға тырысады. Міне, осы қиын. Ұялы телефондарын сөндіріп, із-түссіз кете барады. Кейбіреулер кездейсоқ біреулерге ілесіп те жүре береді. Осындай сәтте іздеп табу қиындайды, – дейді полицей.
Оның айтуынша, жыл басынан бері Семейде осындай 27 факті тіркелген екен. Әзірге жоғалғандардың 20-сы табылған. Бұл былтырғымен салыстырғанда аз болғанымен де, бір өкінішті жағдай болып тұр, ол – жылдан жылға ересектерден қарағанда жастардың жоғалып кетуіне қатысты арыздардың көптеп түсуі.
– Қазір кәмелеттік жасқа толмағандардың жоғалып кетуі ушығып тұр. Көбіне құмар ойындарға байланысты (компьютерлік клуб, букмекерлік кеңсе). Құмарлыққа салынуға үйдегі ахуал көбірек әсер етеді, – дейді тәртіп сақшысы. – Иә, бәс тігетін жерлерге кәмелеттік жасқа толмағандарға кіруге тиым салынады. Десе де, ақшаның шетін көрген кейбір кеңселер олардың жасына қарап та жатпайды.
Иә, қазір қалада не көп, компьютерлік клуб пен букмекерлік кеңсе көп. Жағалай орналасқан. Бір қарағанда компьютер ойнаған адамның құмарлыққа салынуы мүмкін емес жағдай секілді көрінеді, алайда ой басқа, іс бөлек болып тұр.
– Ақпан айында мынадай оқиға болды: 14 пен 15 жастағы балалар жоғалғаны туралы шағым түсті. Үй іші бірер күн іздемегенге ұқсайды. Біз іздестіру барысында оларды компьютерлік клубтан таптық. Анықталғандай, екеуі үш күн бойы сонда қонып, сонда ойын ойнап жүріпті. Ойнау ақысын төлеу үшін қолда бар бағалы заттарын сатып жіберген екен, – деді Асқар Тықанов.
Жастар компьютерлік клубқа UFC сынды атыс-шабыс ойындар үшін барады. Ол жасырын емес. Ал мұның бала психологиясына қалай әсер етіп, оның бойында жауыздық қасиеттерді тудыратынын мамандар шыр-пыр болып айтып жүр. "Ойын болса да, компьютермен қанды судай ағызып қылыштасқан, жұдырықтасып көрген балалар күні ертең екіталай жағдай болса адамды аямайды", дейді олар.