Даниал Ахметов Алтай ауданының басшылығына бірқатар тапсырмалар беріп кетті
Бүгін аймақ басшысы Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Алтай ауданында болып, бірқатар нысандарды аралады, өңір жұртшылығымен жүздесті. Алдымен облыс əкімі Өскемен - Алтай тас жолының 56-72 шақырымына жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Осинов асуынан айналма жол 2017 жылғы көктемде басталған-ды. Жоспар бойынша ол келер жылдың сəуірінде аяқталуы тиіс-тін. Бірақ, құрылыс кешігуде. Себеп - жер телімі мемлекеттік орман қорынан шығарылмаған. Аймақ басшысы бұл мəселені ауыл шаруашылығы министрлігіне шығып, оң шешуге уəде етті.
Бұдан соң Первороссиское ауылындағы Социалистік Еңбек ері Павел Полянскийдің үйіне барып, ақсақалды туған күнімен құттықтады. 88 жасқа толған ауыл шаруашылығы саласының ардагеріне теледидар тарту етіп, ұзақ ғұмыр тіледі.
Сондай-ақ, облыс əкімі Средигорное ауылындағы егін жəне мал шаруашылығымен шұғылданатын "Средигорненское" серіктестігінің жұмысымен танысты. Жергілікті мектеп пен амбулаторияға бас сұқты. Атап өтерлігі, облыс əкімі мектептің терезелерін жаңалап, спорт залының еденін ауыстыруға қажет 25 миллион теңгені бөлдіртуді тапсырды.
Бұдан соң Даниал Ахметов аудан орталығындағы перзентханаға барып, жаңадан алынған құрал-жабдықтарын жəне жөндеу жұмыстарының жоспарын көрді.
Аудан активімен кездесуінде Даниал Ахметов ауданға биыл жол жөндеуге 300 миллион теңге, ауылдарды абаттандыруға 144 миллион теңге қарастырылғанын жеткізді.
Осы ретте аймақ басшысы елдімекендердің санитарлық-эстетикалық тазалығына жұртшылық, жергілікті атқарушы билік тарапынан жіті көңіл бөлінуін ескертті.
Сапар соңында Зубовск кентіндегі "Фаворит" ЖШС-не барып, ағаш өндеумен айналыстан кəсіпорыннан жай-күйіне қанығып, проблемаларына назар аударды.
Даниал Ахметов ауданға бір айдан соң қайта оралып, жүктелген міндеттердің орындалуын өз көзімен тексеретінін де ескертті.