Даниал Ахметов ардагерлердің үйіне арнайы барып құттықтады
Шығыс Қазақстанның соғыс ардагерлеріне 542 875 теңгеден, ал марапаттары бар тыл еңбекерлеріне 63 125 теңгеден тарту етілді. Бүгінгі таңда облыста 179 майдангер тұрады. Ұлы Жеңіс мейрамы қарсаңында облыс әкімі Даниал Ахметов Өскемен қаласындағы және Глубокое ауданындағы бірқатар ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің үйлеріне жеке өзі барып құттықтады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Өскемендік тыл еңбеккері Ева Вичикова жуырда өзінің 101-ші туған күнін атап өтіпті. Ресейдің Краснояр өлкесінде туған ол соғыс жылдарында наубайханашы және тракторшы болып еңбек еткен екен. Өкініштісі сол, жолдасы соғыстан мүгедек болып оралады, десек те екеуі де колхозда еселі еңбек етіп, жеті баланы өсіріп жеткізіпті. Қазір әженің 18 немересі, 24 шөбересі және 7 шөпшегі бар. Нағыз ана бақыты деген осы емес пе?!
Өмірдің қиыңдығын көп көрген Ева Федоровна бүгінде қызы Галинаның қолында тұрып жатыр. Балалары мен немерелерінің ортасында Ұлы Жеңістің 74-ші көктемін қарсы алуда. Даниал Ахметов тыл еңбеккерін өткен туған күнімен және Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап, бүгінгі тыныш өмір, мамыражай тіршілік үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, әжейге ақшалай сертификат пен тоңазытқыш тарту етті.
– Әр ардагер мен тыл еңбеккері – халқымыздың қазынасы, ұлттық мақтанышы, – деп атап өтті облыс әкімі. – Ұрпақ болашағы жолында танытқан қайсарлықтарыңыз үшін алғысымыз шексіз. Сіздерге және жақындарыңызға зор денсаулық, мол бақыт тілеймін!
Қаржылай сертификаттар мен тұрмыстық техникалаларды облыс әкімі сондай-ақ, өскемендік соғыс ардагері Михаил Кравченкоға және тыл еңбеккері Гүлжихан Бейсекеноваға, глубокоелік тыл еңбекері Тәйтөк Жамбосынов пен соғыс ардагері Иван Журавлевқа да табыс етті.
Өскеменнің тұрғыны Михаил Кравченко майданға 1943 жылдың тамызында аттанған екен. Балтық жағалауын жаудан азат етуге қатысып, үйіне 1949 жылы бірақ оралыпты. Соғыстан соң геолог мамандығын игеріп, Өскемендегі геология басқармасында қызмет етеді. Бір қызығы ақсақал әлі күнге дейін Алтай геологиялық-экологиялық институтында аға ғылыми қызметкер ретінде еңбек етіп келеді. Өтілі 67 жылдан асыпты. Ек іұлынан 5 немере және 5 шөбере көріп отыр.
– Қиыңдықты көп көрдім, бірақ өмірде ештеңеге де өкінбеймін. Біздерге осындай құрмет көрсетіп, қолдау білдіріп отырған Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа көп рахмет! – деді 93-ке келген ардагер.
Аймақ басшысы сертификатпен қоса, ноутбукты сыйға тартып, ақсақалды бір қуантып тастады. Ол енді осы техниканың көмегімен өзге қалалардағы немерелеріммен хабарласамын дейді.
Аймақ басшысы арнайы барып құттықтаған келесі әжеміз – Гүлжихан Омарқызы болды. Ұлан ауданының Қосбармақ ауылында дүниеге келген ол Ресейдің Змеиногорск қаласында өсіп, мектеп бітіріпті. Әке-шешесі ұжымдастыру кезіндегі қиыңдықтардың салдарынан туған жерден көшуге мәжбүр болған екен. Соғыс кезінде артельде жұмыс істепті, кейін колхозда комбайн жүргізген. Бейбіт өмір басталған соң орыс тілінің мұғалімі мамандығын алып, 45 жыл ұстаздық етеді. Жолдасы, соғыс ардагері Тоқтархан Айнухатов та көп жылдар білім саласында қызмет етіп, Зырян ауданында мектеп басқарып, 1991 жылы өмірден озған екен.
Бүгінде Гүлжихан апамыздың алты баласынан 11 немере, 14 шөбере және 1 шөпшек тарап отыр. Қызы Нәзигүлдің қолында тұрады.
– Даниал Кенжетайұлы, Сіздің жұмысыңыз өте көп екенін білемін. Облысымыз үлкен, 1 миллионнан астам халық тұрады. Десек те, уақыт тауып, маған үйіме кеп арнайы құттықтап тұрғаныңыз үшін ерекше ризамын! Ал ақшалай сыйлығыңыздың игілігін осы бала-шағаларым көрмек, – деді тоқсанның жетісінен асқан кейуана.
1930 жылы Абай ауданының Архат ауылында дүниеге келген тыл еңбеккері Тәйтөк Жамбосынов алты баласынан 15 немере, 23 шөбере, бір шөпшек сүйіп отырған бақытты ата екенін айырықша мақтанышпен атап өтті. Ол облыс әкімінің үйіне келіп құттықтауы өзі үшін күтпеген қуаныш болғанын да жасырмады.
– Менің Сізге бір ғана тілегім бар, ол – мықты денсаулық. Аман-сау болып, бала-шағаңыздың қызығын көре беріңіз! Біз үшін әрбір ардагер маңызды! – деді ақсақалдың қолын қысып тұрып облыс басшысы.
Ақсақал Глубокое ауданына қарасты Прапорщиково ауылында тұрады. Еңбек жолы соғыспен қатар, 1941 жылдан басталады. Сол жылы отбасы осы ауылған көшіп келіп, он бір жасар бала колхоздың қара жұмысына жегілген екен, су тасыған, жер жыртқан, шөп тасыған, жылқы баққан. Соғыстан кейін тракторшы мамандығын меңгеріп 1990 жылға дейін, яғни зейнеткерлікке шыққанға дейін еселі еңбек етіпті. Алты баласына алты бірдей үй тұрғызып берген тағы бір ерлігі бар.
Аймақ басшысы Белокаменка ауылында тұрып жатқан соғыс ардагері Иван Журавлевті де үйіне барып құттықтады. Соғысқа 1942 жылы аттанып, Балтық майданына түседі. Эстонияны азат етуде бірінші рет жарақат алады, 1945 жылдың қаңтарында Польшаның Познань қаласын жаудан тазарту кезінде екінші рет басынан қатты жараланып, миы шайқалған (контузия) екен. Жеңіс күнін госпитальде жатып қарсы алыпты. Соғыстан кейін туған ауылына оралып, колхозда 42 жыл бойы ағаш ұстасы болып еңбек етеді. Зейнетке 1981 жылы шығыпты. Жұбайы Нина Павлована екеуі төрт баланы өсіріп жеткізген. Бүгінде немересімен бірге тұрып жатыр.
– Мен үшін 9 мамыр – ерекше күн. Он алты жасымда қан майданға тап болдым, соғыста жаншошытарлық дүниелерді көзіммен көрдім, әлі күнге дейін түсіме енеді. Осы Жеңіс бізге өте қымбатқа соқты. Қаншама адам бейбіт өмір үшін жандарын қиды. Сондықтан мұндай қасірет ешқашан қайталанбасын. Шаңырағымызға соғыс жоламасын деп тілейміз. Бүгінгі тыныш заманымыз үшін шүкіршілік етуге тиіспіз, – деп ойымен бөлісті ақсақал.
Осының алдында аймақ басшысы Алтай ауданына жасаған іссапары барысында Первороссиск ауылында тұратын Еңбек ері Павел Полянскийді 88 жасқа толуымен және Жеңіс күнімен құттықтап шыққан болатын. Павел Тимофеевич 32 жыл совхозды басқарған азамат, атап өтерлігі ол басшылық жасаған жылдары совхоз облыста ғана емес, сондай-ақ бүкіл республикада рекордтық астық орған-ды. Жоғары Кеңес депутаты болып тұрғанда қарапайым еңбек адамдарының тұрмысын жақсартуды талап етіп, олардың жай-күйін ойлады.
Облыс әкімі ардагерге теледидар тарту етіп, иығына шапан жапты.
– Совхоз ыдыраған соң «Дородница» қожалығын құрдым, оны қазір ұлдарым басқарады. Алтау бұқалары мен жергілікті сиырларды будандастырдық, жаңа тұқым Полянский деп аталады. Ауыл шаруашылығы қажырлы еңбекпен қатар білімді де қажет етеді. – дейді еңбек ері. – Үш немерем, бес шөберем бар, әлі де болады деп үміттенем.
Облыс әкімі ардагердің белсенді өмірлік ұстанымын жоғары бағалап, нақ осындай тұғырлы тұлғалар өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болуы тиіс екенін атап көрсетті.
Облыс әкімі Даниал Ахметов Семей қаласына сапары барысында ардагерлер Дмитрий Лазаренко мен Құмар Елубаевтардың үйіне барып, Ұлы Жеңіс мейрамымен құттықтап, ұзық ғұмыр, зор денсаулық тіледі.