ШҚО-ға ҚР Ұлттық ұланының ақпараттық-насихаттық тобы келді
Шығыс өңіріне ҚР Ұлттық ұланының ақпараттық-насихаттық тобымен қоса ән-би ансамблі қызметтік сапармен келді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
ҚР Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұланның ақпараттық-насихаттық тобы осыған дейін еліміздің бірнеше өңірінде тур өткізгенін айта кетуіміз керек.
Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, Халық Қаһарманы полковник Қайрат Үмбетовтің жетекшілігімен Шығыс өңіріне қарттар күні қарсаңында келген топ бірден облыс орталығының іргесіндегі Солнечный ауылында орналасқан қарттар үйінде ат басын бұрды.
Халық Қаһарманы Қайрат Үмбетов қарттарға құттықтау лебізін білдірсе, Ұлттық ұланның хоры «үй иелеріне» арнап ән шырқады.
– Сапардың негізгі мақсаты – әскери қызметшілер мен өңір азаматтарына ел Президентінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауын және еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін насихаттау. Әскери қызметшілер мен азаматтық жастарды қазақстандық патриотизм және конституциялық борышқа адалдық рухында тәрбиелеу, ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның имиджін нығайту, азаматтардың әскери қызметшілерге, олар орындайтын қызметтік-жауынгерлік міндеттерге деген оң көзқарасын қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды өткізу біздің бұл сапардағы негізі міндетіміз, – дейді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, Халық Қаһарманы полковник Қайрат Үмбетов.