KZ
Өскемен
-12°
небольшая облачность жел 2 м/с, СШ
498.34 519.72 4.85

Өскеменде ҚР Мемлекеттік Туының салтанатты көтерілуі өтті

25.10.2022, 18:50 253

Республика күні бүкіл Шығыс Қазақстан облысында қоғамдық, мәдени, спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Мереке құрметіне Өскеменнің басты алаңында ел туының салтанатты көтерілуі өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні мерекесін қайтару және оған ұлттық мәртебе беру туралы бастама көтерген еді.

Бүгін өңірде ұйымдастырылған алғашқы ауқымды іс-шаралар мерекенің жалпыхалықтық және патриоттық рухын айғақтайды.

- Осы айтулы күні Шығыс Қазақстанның берік экономикалық іргетасын қалағандардың барлығына және бүгінгі таңда еңбек етіп, жетістіктерін арттыратындардың барлығына терең ризашылығымды білдіргім келеді! Сіздерді ұлттық мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Отанымыз Қазақстан Республикасына денсаулық, амандық, еңбекте табыс, бейбіт аспан және өркендеу тілеймін! -деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Сондай-ақ, өңір басшысы мерекенің пайда болу тарихын еске салды. 32 жыл бұрын, 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-нің Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданды. Құжатта аумақтың тұтастығы, бөлінбейтіндігі мен қол сұғылмаушылығы, халықтар мәдениеті мен олардың тілдерін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты мемлекеттілік қағидаттары бекітілді. 2009 жылға дейін бұл күн мемлекеттік мереке болды. Биыл бірінші Ұлттық құрылтай барысында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мерекеге ұлттық мәртебені қайтаруды ұсынды.

Айта кетейік, еліміздің шығысында мереке қарсаңында әлеуметтік, білім беру іс-шараларының, акциялардың, жәрмеңкелердің және т.б. онкүндігі өтті. Ал бүгін барлық қалалар мен аудандарда концерттер мен жаппай мерекелер өткізілді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу