Аумақтарды дамыту бағдарламасы аясында 15 мыңнан астам жұмыс орны ашылды – ШҚО
ШҚО-да 2 жыл бойы шекара маңындағы аумақтар мен бұрынғы аудан орталықтарын дамыту жөніндегі өңірлік бағдарламалар іске асырылуда, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Облыста осы елді мекендердің проблемалары мен даму перспективаларын анықтау мақсатында талдау жүргізілді. Оның нәтижелері бойынша өмір сүру сапасын жақсартудың кешенді жоспары әзірленді.
Облыстық мәслихат сессиясы барысында әкім Даниал Ахметов бағдарламалардың екі жылдық жұмысының қорытындылары туралы айтты.
Шекара маңындағы аумақтар мен бұрынғы аудан орталықтарында орасан зор резервтер, экономикалық және адами ресурстар бар. Олардың дамуы онда тұратын азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, сондай-ақ оларды инвестициялар үшін де, жас мамандар үшін де тартымды етуге мүмкіндік береді.
- Қытай Халық Республикасымен шекарада орналасқан өңірлер үшін жалпы көлемі 183 млрд.теңге болатын 2020-2024 жылдарға арналған кешенді жоспарлар қабылданды, оның ішінде 2021 жылы 43 млн. теңгеге іс-шаралар атқарылды. Ағымдағы жылы облыстардың бөлінуін ескере отырып 44 млрд.теңгеге бөлінген, - деп хабарлады аймақ басшысы.
Сонымен қатар, бұрынғы аудан орталықтарын дамытудың 2021-2024 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша 43 млрд.теңге қарастырылған, оның ішінде өткен жылы 14 млрд. теңгеге, ағымдағы жылы 8 млрд. теңгеге жобалар қаржыландырылды.
Осылайша, бағдарлама әрекет ететін қысқа мерзім ішінде 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылды, жалпы ауданы 18,8 мың шаршы метр болатын 9 спорт нысаны, 3 көп пәтерлі және 102 екі пәтерлі үй салынды, 284 км сумен жабдықтау желілері тартылды, 156 әлеуметтік нысан, сондай - ақ 450 км жолдар мен көшелер жөнделді.