KZ
Өскемен
-10°
туман жел 1 м/с, СБ
498.51 522.84 4.81

«Altay Half Marathon-2019» Өскеменде екінші рет өтеді

19.08.2019, 06:19 155

Өскеменде биыл да «Altay Half Marathon» қайырымдылық жартылай марафоны өтеді. Жақында осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылатын спорттық іс-шараға қатысуға ниет білдіргендерді тіркеу басталды.

«Altay Athletics» клубы, республикалық жеңіл атлетика федерациясы мен облыс басшылығының мұрындық болуымен қолға алынған қайырымдылық марафоны 19 қазанда өтеді деп жоспарлануда.

Қазақстан жеңіл атлетика федерациясынан хабарлағандай, жарысқа кез келген адам қатыса алады. Марафон бағдарламасына барлығы төрт сайыс енген, олар: 14 пен 17 жас аралығындағы жастарға арналған бір шақырымдық жарыс, кез келген адам қатыса алатын үш шақырымдық жарыс, 21 шақырымдық жартылай марафон мен алты шақырымға созылатын спорттық әдіспен жүру бәсекесі.

«Әрине, қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше топқа бөлініп, жүгіретін болады», – дейді іс-шараны ұйымдастырушылар.

Былтырғыдай биылғы дода да қайырымдылық мақсатта ұйымдастырылатындықтан, қатысушылар алдын ала жарна төлеуі керек болады, оның мөлшері екі мың мен үш жарым мың теңге аралығында ауытқиды.

Жүгірушілердің нәтижелерін заманауи электрондық жүйе анықтайтын болады. Бұған қоса жартылай марафон барысында қатысушыларға әр бес шақырым сайын су мен жеміс-жидек ұсынылмақ.

Жоғарыда айтқанымыздай, «Altay Half Marathon-2019» жартылай марафоны 19 қазан күні таңғы сағат 8:00-де қаладағы «Dedeman» қонақ үйінің жанынан басталады. Жарысқа қатысу үшін turnir.kz сайтына кіріп, тіркелу қажет.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу