KZ
Өскемен
-11°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, В
498.34 519.72 4.85

ШҚО таулы өңірлерін су басу қаупі әлі сейілген жоқ

9.04.2019, 10:47 232

Облыстағы Алтай, Бесқарағай, Катонқарағай аудандары мен Риддер қаласын су басу қаупі сейілген жоқ. Бұл туралы Өскеменде өткен брифинг барысында облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Елдос Чикенов мәлім етті.


Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуге, сонымен қатар облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Александр Ломыгин мен облысымыздағы «Қазгидромет» компаниясы филиалының директоры Медет Еркінбеков қатысып, аймақта қалыптасқан жағдайға қатысты толыққанды ақпарат берді. Мамандардың мәліметінше, қазір өңірдің аудандарындағы ахуал бірқалыпты, өзен-көл суларының деңгейі біртіндеп төмендеп келеді.


– Облыста ұзындығы 10 шақырымнан асатын 885 өзен бар. Бүгінде олардың түгелдей дерлігі бақылауға алынды. Арнайы құрылған жұмыс топтары барлық аудан-қалаға кемі екі рет шығып, ондағы жағдайды мұқият тексеріп қайтты. Әзірге су басу қауіп тек бірнеше ауданда ғана сақталуда. Сондай-ақ Алтай мен Күршім аудандарының таулы аймақтарында әлі айтарлықтай көп мөлшерде қар жатқанын да айта кеткен орынды. Табиғи апаттың алдын алу мақсатында бес аудандағы өзендерде мамандарымыздың күшімен барлығы 20-ға жуық жарылыс жұмыстары ұйымдастырылды. Қазір Катонқарағай мен Бесқарағай аудандарында мұзжарғыш кемелер жұмыс жүргізуде, – деді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары А.Ломыгин.


Ол сонымен қатар, Бесқарағайда қалыптасқан жағдайға қатысты да ақпарат берді. Маманның сөзіне сенсек, осыдан біраз бұрын Ертістегі, сондай-ақ бірнеше шағын көлдегі су деңгейінің күрт көтерілуі аудандағы тоғыз елді мекенге қауіп төндірген. Қазір бұл қауіптің беті қайтыпты. Төтенше жағдайлар қызметі және де жергілікті атқарушы билік мамандарының күшімен Ертіс өзенінде жиналған мұздың көп бөлігі Павлодар облысымен шекаралас жерге дейін жеткізіліпті.


– Өздеріңіз білерсіздер, наурыз айының соңында Бесқарағай ауданының іргесінде орналасқан үш шағын көл арнасынан шығып, салдарынан ауылдағы үш үй мен 29 ауланы су басқан болатын. Жедел құтқару іс-шаралары нәтижесінде барлығы жеті адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оқиға орнында күні-түні арнайы техника мен құтқарушылар жұмыс істеп, апат салдарын жоюға атсалысты. Көлдердің айналасына бөгет тұрғызылып, сорғылардың көмегімен жиналған су аудан орталығынан бір шақырым жерде орналасқан ойпатқа төгілді. Бұған қоса ауданға Өскеменнен Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың бір топ ғалымы барып, жергілікті көлдердегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты зерттеу жүргізді. Ол сараптаманың нәтижесін алдағы уақытта білетін боламыз. Рас, халық арасында бұған қатысты түрлі пікір айтылуда. Тіптен, бәзбіреулер көлдердің арнасынан шығуына Шүлбі СЭС-нен жіберілген су себепші болуда деген болжам жасауда. Бірақ, бұл мүмкін емес. Себебі, Бұқтырма және Шүлбі СЭС-тері біздің рұқсатымызсыз бірде-бір текше метр су жібере алмайды, – дейді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Елдос Чикенов.


Оның айтуынша, аймақта облыс әкімінің тапсырмасы бойынша су тасқынына қарсы кешенді іс-шаралар жоспары әзірленіпті. Аталмыш жоспарға сәйкес, 42 мың тонна инертті материалдар дайындалып, 3 751 су құбыры тазартылған. Сонымен қатар жалпы ұзындығы 14 шақырымды құрайтын бөгет тұрғызылып, 500 мың текше метр қар шығарылған. Семейде қажет жағдайда көмекке келетін Ұлттық ұланның мыңға жуық сарбазынан құралған арнайы жасақ та дайын тұр екен.


Ал «Қазгидрометтің» ақпараты бойынша, 28 наурыз бен 4 сәуір аралығында еліміздің аумағында қар жамылғысының аумағы 23 пайызға азайыпты. Қазір қардың негізгі бөлігі тауларда, жыралар мен ормандарда ғана қалуда.


– Сәуір айында Шығыс Қазақстанда су тасқынының екінші толқыны жүруі ықтимал. Осыған байланысты облыс аумағындағы су деңгейін бақылайтын 41 бекет күшейтілген жұмыс режиміне көшіріледі. Жалпы, биыл кей аудандардағы тоңның қалыңдығы 140 сантиметрге дейін жетті. Дегенмен, бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда біршама аз, – деген «Қазгидромет» компаниясы облыстық филиалының директоры Медет Еркінбеков алдағы уақытта аймақтағы негізгі өзендерге жан-жақты мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретін қосымша 11 бекет ашу жоспарлануда екенін де айтты.

Оқи отырыңыз

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу