Полтораннин өзі де келді
Риддерде шаңғы жарысынан 2004 жылғы жастар арасындағы Әлем біріншілігінің чемпиондары Алексей Полторанин мен Сергей Черепановтың жүлделері сарапқа салынған республикалық турнир өтті. Осымен сегізінші рет ұйымдастырылған жарысқа шығысқазақстандық спортшылардан бөлек, еліміздің бірқатар облысы мен қалаларынан келген жас шаңғышылар қатысты.
Естеріңізде болса, сонау 2004 жылы Норвегияның Стрюн өңірінде өткен Әлем чемпионатында Алексей Полторанин, Сергей Черепанов, Евгений Кошевой мен Евгений Сафонов төрттігі ойламаған жерден ерлер арасындағы эстафетада топ жарып, доданың алтын жүлдесін жеңіп алған болатын. Сол жолы отандастарымыз азулы Ресей, Норвегия, Швеция құрамаларына артқа тастаған еді. Бұл шын мәнінде тарихи жеңіс болды. Мұны Риддердегі турнирді ұйымдастырушылардың бірі Сергей Черепанов та айтуда.
– Рас, Әлем чемпионатындағы сол бір жеңістің бәріміз үшін орны бөлек болды. Норвегия жеріндегі жетістіктен кейін елімізде шаңғы жарысымен айналысамын деушілердің саны күрт өсті. Шаңғы секциясына келген балалардың қатары өзіміздің Риддер қаласында да бірнеше есеге артты. Осыған түрткі болғаныма үнемі іштей мақтанып жүремін. Енді сол балақайлар жетістігімізді қайталаса, тіптен асып түссе деген арман бар. Ол үшін жастарымызға тәжірибе жинақтап, шеберліктерін шыңдай түсуіне көмектесуіміз қажет. Бүгінгі жарысты ұйымдастырудағы мақсатымыз да сол, – дейді белгілі шаңғышы.
Айта кетейік, кеншілер қаласында өткен биылғы додаға 250-ден астам спортшы қатысып, алты топқа бөлініп өнер көрсетті. Олардың ішіндегі ең жасы небәрі бесте екен.
Жарыс соңынан барлық жеңімпаз бен жүлдегерге ұйымдастырушылар атынан медальдар, грамоталар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Бір қызығы, жарыстың жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне жуықта басы дауға қалған Алексей Полтораниннің өзі де келді.