"Барлығы 11-ге жетті" Өскеменде тағы үш қонжық өмірге келді
Өскеменнің хайуанаттар бағында аюлар көбейіп келеді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Солжағалау паркінде Даша мен Саша атты екі үлкен аю бар болатын. Зоопарк қызметкерінің айтуынша, жуықта төрт қонжық өмірген келген. Алайда олардың біреуі тым әлсіз туған көрінеді. Ұзамай өліп қалған екен.
– Қазіргі уақытта қонжықтар енелерімен бірге жабық қоршауда, – дейді қызметкер.
Кішкентайлар кейде ғана ағаш «апаннан» шығып, келушілердің көзіне түседі екен.
Айта кетейік, зоопаркті көп жылдан бері «мекендеп» келе жатқан Даша атты аналық аю алғаш рет осыдан төрт жыл бұрын екі қонжық тапқан екен.
Ал қазір үш қонжық маймаң басып жүр. Сөйтіп аюлардың саны 11-ге жетті. Мамандар бұл жануарлар паркінде мекендеушілерге жақсы жағдай жасалғанын көрсетеді дейді.