ШҚО тұрғыны заңсыз ауланған жеті қап балық үшін айыппұл төлейтін болды
Алматы – Өскемен тас жолының тоғызыншы шақырымында заңсыз ауланған жеті қап балық тиелген «Лада Приора» көлігі тоқтатылды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Балық тиелген көлікті «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы аясындағы тексеру барысында таңғы сағат 4.50 кезінде аға лейтенант Қанат Қажанов және лейтенант Дидар Құнапиянов құрамында болған облыстық ПД жол-патрульдік полициясы батальонының экипажы тоқтатқан.
Жергілікті полиция қызметі басқармасының мәліметінше, заң бұзушы және заңсыз ауланғанн балықтар бірден Ұлан аудандық полиция бөліміне жеткізілген.
– Жалпы салмағы 96 келі балық тәркіленді. Келтірілген залал әр келі балық үшін 1010 теңгені, барлық залал жүз мыңнан астам теңгені құрайды. Балықты заңсыз тасымалдаған азаматқа 10 АЕК айыппұл салынды және әкімшілік іс балық инспекциясына жолданды, – деді Жергілікті полиция қызметінің табиғатты қорғау полиция тобының инспекторы, полиция капитаны Жасұлан Қасенов.