Өскемендегі жылу орталығында апат болды ма?
Әлеуметтік желілерде Өскемендегі жылу-электр орталығында ірі апат болды деген ақпарат тарады.
Кәсіпорын өкілдері осыған қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
«Өскемен ЖЭО» ЖШС-ның мәлімдеуінше, нысан штаттық режимде жұмыс істеп тұр. 27 қарашада аяздың салдарынан желілік судың айналымы артып, температураның төмендеуіне әкеліп соққан. Сонымен қатар, датчиктердің дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты қазандық қондырғыларының бірі өшірілген. Бірнеше сағаттан кейін қондырғы қайта іске қосылған көрінеді.
– Ірі апат туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. 7 қазандық агрегат пен 6 турбоагрегат штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Станция генерациясы төмендеді, жабдықтың барлық қуаты температуралық режимді арттыруға бағытталды – деді жылу станциясының өкілдері.