ШҚО-да бірегей геопортал әзірленді
Шығыс Қазақстан облысында бос жер учаскелері мен инженерлік коммуникациялардың электрондық карталарын орналастыратын геопортал әзірленді.
Бұл туралы Жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Сарманов мәлімдеді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда геопорталға ақпарат алу үшін 117 мыңнан астам бірегей пайдаланушы жүгініп, 64 млн астам сұрау салған. Геопортал жергілікті атқарушы органдардың геоақпараттық порталдарына қойылатын бірыңғай талаптарға сәйкес әзірленген.
Портал халыққа және бизнеске өтініш берушімен тікелей байланыссыз электрондық форматта техникалық шарттар беру бойынша қызметтер көрсетуді, сондай-ақ ЭЦҚ пайдалана отырып, құжаттарды электрондық форматта ұсынуды қамтамасыз етеді.
Бұл электрондық карталар "жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры" жобасын құру шеңберінде және жер қатынастары саласында электрондық форматта қызметтер көрсету үшін жария кадастрлық карталар үшін негіз болады.
Бұдан басқа, цифрлық мониторинг арқылы "Ғарыш Сапары" веб-порталында облыс бойынша пайдаланылмай жатқан 478 мың га жер анықталған екен.