KZ
Өскемен
-8°
туман жел 1 м/с, С
498.51 522.84 4.81

ШҚО: 76 миллион түп ағаш отырғызылады

шартты сурет

9.01.2023, 10:30 501 Оразай Жеңісұлы

Шығыс Қазақстан облысында экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында алдағы бес жыл ішінде 76 миллион түп ағаш отырғызылады.

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Бүгінде ауаға кері әсері бар қоршаған ортаның техногендік ластану көздерінің көбі облыс орталығына шоғырланған. Дей тұрғанмен табиғи ортада тарихи тұрғыда қалыптасқан мұндай экологиялық жүктеме кезең-кезеңмен әрі ұзақ мерзімді шешуді талап етеді.  

– Бүгінгі күні 15 бекетте ауаның жай-күйіне мониторинг жүргізіледі. Жалпы, облыстың бас шаһарындағы ауа ластануының негізгі үлесі «Казцинк» және «Өскемен жылу электр орталығы» кәсіпорындарына тиесілі. Соңғы 15 жылда шығарындылар көлемін 67 пайызға азайтқан «Казцинк» озық технологияларды енгізу арқылы 2025 жылға қарай табиғи ортаға түсетін жүктемені тағы 20 пайызға дейін кемітуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар ауаға шығарылатын азот оксидін азайту мақсатында «Өскемен жылу электр орталығы» қазандық агрегатын жаңғырту жобасын жүзеге асырды, – деді Ержан Нұрбаев. 

Спикердің айтуынша, соңғы бес жылда облыстың ірі кәсіпорындары табиғатты қорғау іс-шараларына 48 млрд теңгеден астам инвестиция құйған. Мемлекеттік экологиялық бақылау шеңберінде тексерулер жүргізіліп, бұзушылықтар анықталды. Анықталған олқылықтарды жою туралы ұйғарымдар беріліп, жалпы сомасы 297,6 млн теңгеге айыппұл салынды.

Бұдан бөлек облыста экологиялық жағдайды қалпына келтіруде елеулі үлесі бар көгалдандыру жұмыстары да басшылық назарынан тыс қалған жоқ. Атап айтсақ, бұл бағыттағы жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіліп, елді мекендердің айналасында жасыл белдеулер құрылды.

Алдыңғы жылы 127,5 мың  түп ағаш отырғызылса, былтыр 149,4 мың түп отырғызылды. Оған қоса облыстың 2021-2025 жылдарға арналған орман алқабын кеңейту мен орман өсірудің кешенді жоспарына сәйкес, бес жылда 15 мың гектар аумаққа 76 млн ағаш көшеті отырғызылатыны белгілі болды.

Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде соңғы он жылда ауаға тарайтын зиянды қалдықтар көрсеткішін 13 пайызға азайтуға мүмкіндік туды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу