2023 жылы Өскеменде 23 көпқабатты үй салынады
шартты сурет
Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс орталығы экономиканың нақты секторларында өте жақсы нәтижеге қол жеткізді. Жалпы алғанда тұрақты даму динамикасы сақталды.
Қала басшылығы 2023 жылы да ауқымды жобалар мен маңызды бағдарламалар іске асыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
2022 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінде (106 пайыз), инвестицияда (118 пайыз), құрылыс жұмыстарында (110 пайыз), сауда-саттықта (104 пайыз) өсім байқалды. Жергілікті бюджетке түсетін салым көлемі 9 пайызға, ал жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандары 4 367 бірлікке артқан.
Былтыр Өскеменде 242,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – 1956 пәтерлі 29 көпқабатты тұрғын үй, жеке тұрғын үй құрылысы аясында салынған 500 үй және құрылыс коледжінің жатақханасы.
Қала әкімдігінің 2023 жылғы жобаларына тоқталсақ, 2370 пәтерлі 23 көпқабатты үй салу жоспарланып отыр, оның төртеуі мемлекеттік тапсырыс бойынша, ал 2100 пәтерлі 19 тұрғын үй коммерциялық негізде бой көтереді.
Сонымен бірге көпсалалы технологиялық колледждің жатақханасының да құрылысы аяқталады. Ендігі міндет – былтырғы қарқынды төмендетпей көрсеткіштерді жақсарта түсу.