KZ
Өскемен
снег жел 5 м/с, ОШ
509.94 593.88 6.43

Өскеменде 140 орындық балабақша ашылды

16.02.2023, 15:42 523 Оразай Жеңісұлы

Облыс орталығының Аблакет ауданында 140 орындық балабақша ашылды.

Салтанатты іс-шараға қала әкімі Жақсылық Омар қатысты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Мектепке дейінгі білім беру мекемесінің мекенжайы – Челюскин көшесі, 17/1. Бұл ғимаратта осы уақытқа дейін аумақтық басқару орталығының филиалы және №2 емхананың зертханасы орналасқан еді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында нысанға күрделі жөндеу жүргізілді.

«Бұрын бұл ғимаратта балабақша болған, тек кейінгі жылдары басқа мекемелер иеленіп жүрді. 2022 жылы ғимарат нысаналы мақсатына қайтарылды деуге болады. Біз, шамамен, 200 миллион теңге жұмсап, күрделі жөндеу жүргіздік», – дейді «Балауса» балабақшасы» ЖШС құрылтайшысы Меруерт Тоқтарова.

 

Мектепке дейінгі мекемеде алты топ болады. Дәл қазір жұмыс істеп тұрған екі топта 50 бала бар. 1,5 жастан 6 жасқа дейінгі тәрбиеленушілерді қабылдау жалғасып жатыр. balabaksha.kz. порталы арқылы жазылуға болатынын айта кетейік.

«Өткен жылы аудан тұрғындарымен есептік кездесу өткіздім. Балабақша мәселесі сол кезде көтерілді. Тұрғындардың ұсынысын ескере отырып, Челюскин көшесіндегі бұрынғы балабақша ғимаратын мемлекетке қайтардық. Енді Аблакет тұрғындары бала-шағасын қала орталығына апармайды», - дейді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар.

 

2022 жылы облыс орталығында төрт балабақша бой көтерген. Биыл, әзірше, екі балабақша ашылды. Қала әкімі бұл бағыттағы жұмыс жалғасатынын атап өтті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу