Балабақша педагогтерінің жалақысын көтеру қарастырылып жатыр
Елімізде 2023 жылдың аяғына дейін мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің айлығын көтеру мәселесі қарастырылып жатыр.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің «Балаларды ерте дамыту институты» РММ директоры Манара Адамова айтты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
- Егер 5 жылға дейінгі еңбек өтілі бар және ең төменгі ІІ санаты бар балабақша педагогінің орташа айлығына тоқталсақ, шамамен 164-172 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар, тәжірибесі жоқ, жұмысқа енді ғана орналасқан жас маманның жалақысы 94-120 мың теңге аралығында болады. Әрине, осы сомадағы жалақы тым аз екенін түсінікті. Сол себепті мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің табысын тағы да кезең-кезеңмен көтеруді қарастырып жатырмыз, - деді Манара Адамова.
Айта кету керек, 2022 жылғы қыркүйектегі Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешіп, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейтуді тапсырған болатын.
Оқи отырыңыз