Тасқынға тосқын: ШҚО-да 16 осал учаске анықталды
Фото: ШҚО ТЖД
Су тасқынына қарсы іс-шаралар аясында өңірдегі өзендерде жарылыс жұмыстары басталды.
Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
ТЖД мәліметінше, облыс бойынша мұз кептелісі мен бітелуі мүмкін 4 ауданда 16 осал учаске анықталған, олар Ертіс, Уба, Бұқтырма және Күршім өзендерінде орналасқан. Наурыздағы барлық учаскеде өзен арналарын тазарту бойынша профилактикалық жұмыстар жоспарланған.
«Біз профилактикалық жұмысты Шемонаиха ауданынан бастадық, мұнда Уба өзені елді мекендерге ерекше қауіп төндіреді, осыған байланысты Верх-Уба, Убинка ауылдарында, Шемонаиха қаласында және Усть-Таловка поселкесінде профилактикалық жарылыстар жүргізіледі. Бүгін Верх-Уба және Убинка ауылдарында мұз ұсақталды. Мұнда өзендегі мұздың қалыңдығы 1 метрге дейін, ұсақтау алаңы 19400 шаршы метр болды», - деді ТЖ алдын алу басқармасының бастығы Еран Балтабаев.
Еске салайық, 1 ақпаннан бастап облыс аумағында су тасқыны кезеңіне жоғары дайындық режимі енгізілген.