Жүкті әйелдің өмірін құтқару үшін түнде Күршім паромы іске қосылды
Фото: шартты сурет
Күршімдік жас келіншек бесінші баласын күтіп жүрген.
Жүктіліктің 34-ші аптасында ол өлімге әкеп соқтыруы мүмкін плацентаның толық бөлінуі, ауыр преэклампсия диагнозымен аудандық ауруханаға түседі. Түскен кезде іштегі нәрестенің жүрегін тыңдау мүмкін болмаған, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Сонымен қатар сол сәтте Өскеменнен қажетті мамандар – акушер-гинеколог пен реаниматологты қалай да жеткізу мәселесі туындаған. Себебі оқиға түнде Күршім паромы тоқтап тұрған уақытта болған.
Сол мезетте көмекке ШҚО ТЖ департаменті, аудан әкімі және облыстық көлік басқармасы қосылды. Түн ішінде өткел ашылып, дәрігерлерді пациентке тезірек жеткізу үшін паром іске қосылды.
Өз кезегінде Қан орталығы қажетті қан препараттарымен қамтамасыз етті.
Науқасқа аудандық ауруханада жатқан уақытында мамандандырылған көмектің барлық кешені көрсетілді. Ал келесі күні жас әйел қанағаттанарлық жағдайда үйге шығарылды. Үйінде жас ана мен сәбиді төрт кішкентай баласы бар үлкен отбасы күтіп отырған еді.
Ақпарат ретінде айтсақ, 2022 жылы Күршім аудандық перзентхана бөлімшесі толығымен жаңартылып, перзентхана, соматикалық бөлімше және операциялық блоктарға күрделі жөндеу жүргізілген.