Қаһарман Қайсеновтің есімін иеленген әскери бөлімге 30 жыл
Биыл «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Өскемен гарнизонындағы 27943 әскери бөлімінде қос бірдей мерейтой.
Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің есімін иеленген бөлімнің құрылғанына 30 жыл толса, даңқты батырдың туғанына – 105 жыл, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Айта кету керек, әскери бөлімге 2019 жылдың 4 қыркүйегінде қорғаныс министрінің бұйрығымен Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің есімі берілген болатын.
Бүгінгі күні әскери бөлім жауынгерлік тапсырмалары – Отанымыздың шығыстағы шебін қорғауда қырағылық танытып келеді. Тіпті құрылғаннан бастап даңқты дәстүрлерді сақтап, жоғары кәсіби деңгейлерін көтеріп, жауынгерлік міндеттерін орындауда ерекше тәртіп пен ерлік көрсетуден жалыққан емес. 27943 әскери бөлімінің жауынгерлері қысқа мерзім ішінде үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Қарулы Күштердегі көптеген ірі оқу-жаттығу жиындарына қатысып, өздерінің жоғары кәсіби даярлықтарын көрсетіп, оқу-әскери міндеттерін абыроймен орындауда.
Мерейтойды атап өту мақсатында Өскемен гарнизонының 27943 әскери бөлімінде митинг ұйымдастырылды. Митингіге әскери бөлімді әр жылдары басқарған командирлер, Қарулы Күштердің, Ауған соғысының ардагерлері, әскери бөлімде адал қызмет еткен зейнеткерлер қатысты.
Бұдан бөлек жауынгерлер арасында шағын футболдан жарыс ұйымдастырылып, қоғамдық жиындарға қатысуда белсенділік танытқан қызметкерлер марапатталды.
Митингіден соң мерекелік шара Қасым Қайсеновтің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен жалғасты. Бұдан соң «Ертіс Концерт» залында атаулы күнге орай мерекелік концерт ұйымдастырылды.