ШҚО-да оқушылар далада жиналып, қолдарына қару алды

Фото: Altaynews
Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштеріне қарасты 97683 әскери бөлімінде мамыр айының 23-26 аралығында оқушылардың оқу-далалық жиыны өтіп жатыр.
Жыл сайын өтетін дәстүрлі оқу-дала жиынына әдеттегідей 11-ші сынып оқушылары жиналды. Олар 5 күн бойы әскери өмірдің темірдей қатал тәртібімен танысып, ұрыс әдістерін үйренеді. Алғаш рет қару қолданып, сарбаз міндетін сезінбек, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Әскери бөлімнің қызметшілері мектеп оқушыларына әскери пәндер бойынша мағлұматтар, әскери техниканың пайдалану тәртібін үйретуде.
Әскери жаттығу шарасына Өскемен қаласының №29 орта мектебі, Алтай ауданына қарасты Чапаев ауылы мен Серебрянск қаласының оқушылары қатысып жатыр.
«Оқу-дала жиынына қатысып жатырмын. Мұнда неше түрлі спорттық шаралар өтеді. Бұл шараларда жақсы нәтиже көрсетеміз деген ойдамын. Біз мектепте алған теориялық білімді мұнда тәжірибе жүзінде іске асырамыз. Бұл бес күндік әскери өмір болғанымен, біз бір жылдық әскери өмірдің ең маңызды сәттеріне куә болып, басымыздан өткердік, – деді 10 сынып оқушысы Арсений Зимин.
Әскери оқу-дала шарасында балалар шатыр астында түнеп, түрлі әскери тактикалық сабақтарды өтіп, бейбітшіліктің парқын ажыратады. Осылайша, бойларына жоғары патриоттық рух қалыптастырады.